Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлдеге ие болған Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтады, деп хабарлайды AstanaTV.
Қазақстандық шахматшылар беделді халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, тек әлемдегі мықты командалардың бірі саналатын Қытай құрамасына жол берді.
Президент құттықтауында Бибісара Асаубаева бастаған Қазақстан құрамасының турнир барысында бірде-бір рет жеңілмегенін атап өтті.
«Қазақстан құрамасының бірде-бір ойында жеңілмей, екінші орын алуы – үлкен жетістік. Шахмат шеберлеріміз өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырды. Бұл спортшыларымыздың кәсіби деңгейінің жоғары екенін, талантын, еңбекқорлығын және отаншылдығын айқын көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан құрамасы бұған дейінгі олимпиадада да жүлделі екінші орыннан көрінген болатын. Осылайша, отандық шахматшылар халықаралық аренадағы жоғары нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы аруларға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.