$441.77 €502.38 ₽5.23
×

Жол жұмыстарына тиісті бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан шығарылған

AstanaTV
28.09.2026ж. 19:00
Жол жұмыстарына тиісті бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан шығарылған

Биыл жол жұмысының сапасын тексеру барысында 1 670 ақау анықталған. Қаланы ауылмен жалғап жатқан жолдардың сапасы сын көтермейтінін жүргізушілер жоққа шығармайды. Алайда тексеріске бейжай қарағандардың мәселесі майшаммен қаралып, қызметінен кеткен.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Тақтайдай тегіс жолдар деген тіркес қолданыстан шығып бара жатқандай. Әрине жол қадірін жүрген біледі.  Шұңқыр мен жарықтар көлікке зиянын тигізіп, жүргізушінің шығынын да көбейтеді. Сондықтан жол сапасына қойылатын талап та, бақылау да күшейіп жатыр.

Жолдардың сапасын бақылау мақсатында 50-ге жуық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1 670 ақау анықталып, мердігерлерге оларды жою жөнінде нұсқама берілген. Бүгінде оның жартысына жуығы ретке келтірілген.
МЕЙІРКЕН ҚАЙЫРЖАНОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ШЖҚ РМК САПАНЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Стандартқа сай тапсыру солардың құзырына кіреді. Мердігер ұйым тарапынан ең бастысы нормаларға, талаптарға сәйкес технологияларды дұрыс орындап, уақытылы жол обьектісін тапсырып, эксплуатацияға халыққа беру.

Бақылау барысында өз міндетіне салғырт қараған 22 сарапшы қызметінен босатылған. Сондай-ақ  жұмыс сапасын тиісінше бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

ӘДІЛЕТ ӘНУАРБЕКОВ, “ҚАЗАВТОЖОЛ” ҰК” АҚ ТЕХНИКАЛЫҚ САЯСАТ ЖӘНЕ САПАНЫ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тексеріс барысында анықталған ақаулар бойынша болған еді. Ол тек республикалық маңызы бар автомобиль жолдары. Құрылыс заңына сәйкес әр сарапшы өзіне тиісті аттестаты болуы керек. Ол онсыз жұмысты атқармауы керек.

Қозғалыс қауіпсіз болу үшін сапалы жол салу маңызды. Ал тексеріс дұрыс болмаса, ол миллиардтаған қаржы жұмсалған жобалардың нәтижесіне тікелей әсер етеді.