Ұлытау облысында төрт теміржол вокзалы жаңғыртылып, жолаушыларға қайта пайдалануға берілді. Жаңарған нысандар Жезқазған, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа ауданында және Қызылжар бекетінде орналасқан. Жобалар еліміздегі 125 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жезқазған вокзалы 1941 жылы салынған. Содан бері алғаш рет кешенді жаңғыртудан өтті. Ғимараттың аумағы 541 шаршы метрден 2,5 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Енді нысан бір мезгілде 500-ге жуық жолаушыны қабылдап, тәулігіне 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсете алады.
ЕРМЕКОВ ҒАЗИЗ, ҚАРАҒАНДЫ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында 17 нысанды реконструкциялау жоспарланған. Оның ішінде 14 вокзал мен 3 жолаушылар платформасы бар. Вокзалда санитарлық тораптар мен қызметтік кабинеттер жаңартылып, жолаушылар платформаларына қоршаулар мен жарықтандыру жүйелері орнатылады. Қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған арнайы қалқа да қарастырылады.
Облыста көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. "Қызылжар-Мойынты" жаңа теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба өңірдің көлік қатынасын жақсартып, транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Ал "Жезқазған-Қызылорда" автожолының 90 пайызы аяқталған. "Ұлытау-Арқалық" жолының 89 шақырымын жөндеу жұмыстары қазан айында тәмамдалады.