$441.77 €502.38 ₽5.23
×

Үндістан мен Непалда су тасқыны мен лай көшкінінен 70 адам қаза тапты

Үндістан мен Непалда су тасқыны мен лай көшкінінен 70 адам қаза тапты
Фото: anadolu

Қатты жауын-шашыннан екі елде 70 адам қаза тапты, деп хабарлайды AstanaTV.

Қатты жауын-шашын салдарынан Үндістанда 56 адам қаза болып, Непалда 14 адам көз жұмды. Тағы 11 адам Непалда із-түзсіз жоғалып кетті.

Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Үндістанның Уттар-Прадеш штатында 25 қыркүйектен 27 қыркүйек таңына дейін 66,5 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл кезеңдегі қалыпты көрсеткіш 7,6 миллиметрді құрайды.

Құтқару қызметтері су басқан аудандарда жұмысын жалғастырып жатыр. Билік гуманитарлық көмек таратып, ауыл шаруашылығына келген шығынды бағалауда.

Үндістанда қаза тапқандардан бөлек, 46 адам зардап шегіп, мыңнан астам үй бүлінген.

Непалда билік елдегі 77 округтің 49-ында аяқ астынан болатын су тасқыны қаупі бар екенін ескертті. Олардың жартысынан астамында ірі өзендер мен олардың салаларындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны мен сел қаупі жоғары.

Непалдың бірқатар ауданында электрмен жабдықтау толығымен үзілді. Рахуганга өзеніндегі су тасқыны қуаты 40 МВт гидроэлектр станциясының инфрақұрылымына және электр желілерінің тіректеріне де зақым келтірді.

Үндістанның Орталық су комиссиясы жеті штаттағы 30 гидрологиялық бекетте жағдай күрделі екенін хабарлады. Ганг, Гандак, Коси, Багмати және Нармада сияқты бірнеше ірі өзендегі су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен.

Су тасқыны мен лай көшкіні Непалдың кейбір аудандарындағы телекоммуникация жұмысына да кедергі келтірді. Бұған оптикалық-талшықты желілердің зақымдануы мен электр қуатының үзілуі себеп болған.

Сонымен қатар Непалдың солтүстігіндегі Мананг ауданында Химлунг-Химал тауының маңындағы базалық лагерьді қар көшкіні басып қалған. Соның салдарынан он жергілікті жұмысшы із-түзсіз жоғалып кетті. Таудың биіктігі – 7126 метр.