$441.77 €502.38 ₽5.23
×

Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан әскерінде қандай өзгерістер болатынын айтты

Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан әскерінде қандай өзгерістер болатынын айтты
Қорғаныс министрлігі

Жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, қарулы күштерді реформалау бағытындағы негізгі міндеттерді атады,  деп хабарлайды  AstanaTV.

Кеңесте басты назар президент берген әскерді кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыруға аударылған.

“Негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталады”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Сонымен қатар реформаның маңызды бағыттарының бірі ретінде әскери қызметкерлердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту белгіленген. 

“Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді. Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылуы тиіс”, – делінген хабарламада. 

Министр әскери қызметкерлерді даярлау тәсілдерін қайта қарау қажет екенін атап өтті. 

“Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды. Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс”, – делінген ақпаратта. 

Сондай-ақ әскерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс. 

Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

"Әскер есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек”, – деді қорғаныс министрі.