$439.37 €498.6 ₽5.22

Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет, - депутат

Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет, - депутат
фото скрин

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев бүгін өткен Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды AstanaTV.

«26 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздардың туған-туысына көңіл айтып, жаназа рәсіміне қатысу үшін әріптес депутаттармен бірге Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облысына арнайы бардық. Құрылтай депутаттарының атынан көңіл айтып, қайғыға ортақтастық. Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді. Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Сонымен қатар қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза болған сарбаздардың отбасысына көмек көрсету мақсатында Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оған қорғаныс саласында жүйелі өзгерістер жүргізіп, әскери реформаның жоспарын әзірлеу тапсырылды. Біз бұл шешімдерді қолдаймыз. Сонымен бірге әскери реформаның маңызды бағытының бірі қауіпсіздік талаптарын күшейту керек деп санаймыз», – деді ол.

Депутат әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығуы кезінде қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы қажет екенін, өйткені мұндай жаттығулардың өзінде тәуекел жоғары екенін айтты.

«Осыған байланысты Үкіметтен:

1. Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электронды белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.

2. Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуі тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.

3. Адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізу қажет. Олар жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуы тиіс.

4. Әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспорты әзірленуі маңызды. Онда қатысушылардың медициналық тексеруден өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі тиіс. Оқу-жаттығу өтетін аумақ та алдын ала мұқият тексерілуі керек», – деді ол.

Депутат осы бағыттағы барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талабының орындалуын тексеруді сұрады.

«Үкіметтен осы бағытта барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талабының орындалуын тексеруді сұраймыз. Үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Нәтижесі оң болған жағдайда стандартты барлық өңірге енгізу қажет. Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі. Әскери қызметкер де, құтқарушы да оқу-жаттығу кезінде өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек. Қандай жағдай болмасын, төтенше жағдайға алғашқы минуттарда әрекет етуге мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуі тиіс. Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету. Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс», – деді ол.