Петропавлда зейнеткер интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Полиция қызметкері әйелді банкоматтың жанында тоқтатып, оның қылмыскерлерге қомақты ақша аударуына жол бермеді, деп хабарлайды AstanaTV
Алаяқтар домофон компаниясынан қоңырау шалып тұрмыз деген сылтауды пайдаланған. Олар 69 жастағы қала тұрғынына домофон ауыстырылуына байланысты кіреберістің электронды кілті жұмыс істемей қалғанын айтып, оны қайта іске қосу үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған. Кейін өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, айтылған код арқылы біреулер әйелдің шоттарына қол жеткізгенін айтқан. Олар әйелді жинақтарын сақтау үшін ақшаны дереу шешіп алып, "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігіне сендірген. Қала тұрғыны Петропавлдағы сауда үйлерінің біріндегі банкоматқа келіп, жинаған 2 750 000 теңгесін аударуға дайын тұрған.
Алаяқтар онымен үнемі байланыста болып, егер біреу келіп, өзін полицей ретінде таныстырса, оған сенбеу керектігін ескерткен. Сондықтан алғашқы сәтте зейнеткер азаматтық киімдегі, полиция қызметкерінің куәлігін көрсеткен ер адамға сенбеген. Полицей оны ақшаны аударуға асықпауға көндіріп, алаяқтық схеманың мән-жайын түсіндірді. Нәтижесінде материалдық залал келтірілген жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері Азамат Тажбаев пен оның әріптестері банкоматтар орналасқан орындарда тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Мақсат — алаяқтардың ықтимал құрбандарын анықтап, қылмыстың алдын алу. Соңғы екі кезекшілік барысында полиция қызметкері Тажбаев алаяқтық әрекеттердің екі фактісінің жолын кесті.
СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, 8 айда облыста 389 интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 248-і "банктен қоңырау шалу" тәсіліне негізделген түрлі схемаларға байланысты. Жыл басынан бері полицейлер кезекшілік барысында жалпы сомасы 60 миллион теңгеден асатын 36 алаяқтық фактісінің алдын алды.