$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тасқынға орай Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жариялау ұсынылды

AstanaTV
28.03.2018ж. 20:00
2331
Тасқынға орай Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жариялау ұсынылды

Су тасқынына орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі аймақта төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Ал Семейде жүзден астам адам жедел түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Арнасынан асқан Ертіс өзені жағалаудағы үйлерге лап қойған. Адамдар қонақ үйге жайғастырылып, тамақпен, керекті заттармен қамтамасыз етілді. Өңірдегі жағдай әлі де күрделі күйде қалып отыр. 

Семейдегі Полковничий аралында су басқан аумақтан 107 адам көшірілді. Оның 25-і бала. Ертіс өзенінің көтерілуіне Шүлбі су қоймасынан көп мөлшерде су жіберілгені себеп болды. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше жайылған су жағажайға жақын үйлерді басқан.  

Юрий Ильин,  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Су әлі де келіп жатыр, деңгейі 2 метрге дейін көтерілген. Өңір әкімі Даниал Ахметов аймақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау мәселесін көтерді. Қазір ұсыныс қаралуда.

Өскемен мен Семей қалаларының, Шемонаиха, Зырян және Глубокое аудандарының халқы қызыл сумен күресіп жатса, Аягөзде қалпына келтіру жұмыстары басталды. Зардап шеккендерге 32 үй сатып алынды. Ал жөндеуге жарайтындарын құрылысшылар қолға алған. Тұрғындар жертөле мен едендерін жөндеп, іргетасын бекемдеп беруді сұрайды.

Сегодня погреб вычистили, рахмет. А когда погреб чистили,  он у меня в зале, все пошло. Пол менять надо. А на кухне пол пока крепко стоит, но кто его знает? 

Алайда тасқынды пайдаланып қалғысы келетіндер де жоқ емес. Облыс әкімі кейбір адамдардың іргетасын әдейі бүлдіріп, ауладағы құрылыстарға суды бұрғанын айтты. Осылайша  жаңа үй талап етуде. 

Комиссия работает, она сделает оценку, и, когда комиссия сделает оценку, они скажут. - У нас комиссия не квалифицированная. -Подождите. Оценку, квалифицированная или нет комиссия, вы не имеете право давать. Это работники специальных организаций.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Құйтырқылыққа басқандар да табылуда. Ескі үйінде тұрғысы жоқ. Жөндеуге жарайтынына қарамастан, жаңа үй алып қалсам дейді. Бұлай болмайды. Біз ондай баспаналарды қалпына келтіреміз. Барынша қауіпсіз жағдайға жеткіземіз. Адамдар тезірек өз үйіне оралуы тиіс.

Құтқарушылар жағдайды бақылап отыр. Су басқан аумақтар мен қауіпті орындарды тікұшақпен шолып шығуда. Мамандардың болжамынша, сәуірде тағы бір қауіп бар. Дағдарыс орталығында шұғыл желі іске қосылған. Бәрінен бұрын мал ұстайтындарға қиын. Жылдам көшіру қажеттігі туындай қалса, оларды алып шығуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан төрт түлік айдайтын арнайы орын да әзірленді.

Айзада Төребекқызы