Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өз жұмысын бастады

AstanaTV
28.03.2018ж. 20:00
2807
«Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өз жұмысын бастады

Астанада  «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі жұмысын бастады. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген ұранмен өтіп жатқан жиынға еліміздің әр өңірінен 1500-ден астам делегат келді. Іс-шара «Jas Otan conf» деген атаумен жаңа форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру мен рухани жаңғыру тақырыптарын кеңінен талқылады.

Бүгін «Жас Отан» жастар қанатының Орталық кеңес мүшелері сайланды. Іріктеу бір ай бұрын басталған. Барлығы онлайн форматта өтті. Үміткер #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған видео жолдауға 5000 лайк жинауы қажет. Ал әлеуметтік желі қолданбайтын белсенді қол жинау арқылы 500 адамның қолдауына ие болуы шарт. Айта кетейік, бұрын Кеңес 50 адамнан құралса, 33 адамнан тұрады. Белгілі Найти уан әншісі де "Жас Отан" қатарына өтті.

Жасотандықтар бес секцияда бес түрлі өзекті тақырыпты талқыға салды. Партия төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, бұл жаңа формат. Есеп беру емес, талқылау, ұсыныс жинау, кейін оны іске асыру. Мәулен Әшімбаевтың өзі "Рухани жаңғыру" секциясына қатысып, жастармен пікір алмасты. Латын әліпбиіне көшу, "Туған жер," "Жүз жаңа есім" бойынша өз ойын ортаға салды. "Бұл бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағына арналған. Сондықтан осы жолда күш біріктіріп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік", - деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Осы елбасының стратегиялық мақаласы аясында біраз жұмыстар іске асырылып жатыр Негізгі мақсаты - рухани санамызды жаңғырту, бүкіл әлемге ашықтығымызды таныту, екіншіден, ұлттық кодымызды сақтап, жахандық дүниеде жоқ болып кетпей, өз орнымызды алу, әлемге Қазақстанды таныту.

"Қазақстанда жасалған" секциясы отандық өнім өндіруге деген ынтаны оятуды көздесе керек. Асылжан Мамытбеков жасотандықтарға 50 бас ірі қара ұстайтын шағын ферманы қалай ашуға болатынын айтып берді. Қазақстанның ет одағы төрағасының айтуынша, бұдан жылына 5 млн таза пайда табуға мүмкіндік бар.

Асылжан Мамытбеков, Қазақстанның ет одағы төрағасы:

750 мың америкалық фермер әлемдік нарықта еттің 19 пайызын өндіріп отыр. Бізде осыған ұмтылуымыз керек. Соңғы 5-6 жылда 16 мың жаңа фермерлік шаруашылық құрылды. Ірі бордақылау, мал соятын алаң, логистика - бәрі қажет, әрине. Бірақ мұның бәрі ет индустриясының іргетасы  фермерге келіп тіреледі.

Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман жастарды салауатты өмір салтын ұстануға көмектесетін мобильдік қосымша жасап шығаруға шақырды. Оның айтуынша, мұндай мобильдік қосымшалар әсіресе жүкті әйелдер, қант диабеті мен басқа да күрделі ауруға шалдыққандар үшін ауадай қажет.

Бүгін жасотандықтар "Цифрлы Қазақстан", "Салауатты ұлт", "Рухани жаңғыру", "Қазақстанда жасалған", "Білім, ғылым, инновация" атты сессияларды қамтыды. Әр сессияда айтылған ұтымды пікірлер мен ұсыныстар ертеңгі гала-форумда көпшіліктің назарына ұсынылмақ.