Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Павлодарда бір топ тұтынушы алаяққа алданып, ақшасынан қағылды

AstanaTV
28.03.2018ж. 20:00
2179
Павлодарда бір топ тұтынушы алаяққа алданып, ақшасынан қағылды

Павлодарда бір топ тұтынушы алаяққа алданып, ақшасынан қағылды. Өзін электр желісін үлестіруші компанияның қызметкерімін деп таныстырған адам әр үйден 3 мың теңгеден жинаған. Бұл ақшаны есептегіш құралды ауыстыруға жұмсаймыз деп түсіндірген. Бірақ ақша да, жаңа құрылғы да жоқ болып шықты. Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы алаяқтың арбауына түскен тұрғындармен кездесіп қайтты.

Немерем үйде болғасын аштым. Жалғыз емеспін ғой деп. Жалғыз болсам, ашпаушы едім.

Алпысты алқымдаған Майра апа зейнет жасына жеткенде біреудің арбауына түсемін деп ойламаған. Келген-кеткендерге сезікпен қарайтын еді, бұл жолы сан соғып қалғанына таң. Белгісіз азамат акция жүріп жатқанын айтқан. Ескі есептеуіш құралды жеңілдікпен жаңартуға мүмкіндік бар деп сендірген. 

Майра Дәйірбекова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Арзан дегесін, біз соған қызығып кеттік. Қазір тек жұмысына ғана төлейсіз деді. 2700 деді. Мен айттым, қалай саған нанамын дегенде, маған мынандай түбіртекке қолхат жазып кетті. Аты-жөнін, нөмірін. Мен соған сеніп қалдым.

Майра апаның қолындағы парақта адамның аты-жөні нақты жазылған. Алайда кәсіпорын өкілдері, мұндай қызметкердің жоғын айтады. Оның үстіне ескі есептеуіш құралдар көп қабатты үйлерде емес, тек жеке меншік секторда ғана жаңартылып жатқанын жеткізді.  

Индира Лятина, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

Павлодар электр желісі кәсіпорнының қызметкерлері тұтынушыларға қызметтік куәлігін көрсетеді. Сонымен қатар, олар қандай да бір құрал-жабдықты жарнамалаумен айналыспайды. Ең бастысы, жұмыскер төлемақыны қолма-қол алмайды. Өтемдер тек касса арқылы жүргізіледі. 

«Павлодарэнерго» мекемесі дәл осындай жағдайға тап болған 15 тұтынушыдан шағым түсті деп отыр. Алайда олардың ешқайсысы полицияға арызданбапты. Сондықтан күдіктіні анықтау әзірге мүмкін болмай тұр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Ішкі істер департаментінің ақпарынша, тұтынушыларды алдап, жеңіл олжа табуға әрекеттенетін жандар баршылық. Былтыр дәл осы дерекпен 1 адам сотталған. Бірақ соңғы оқиғаға қатысты бұқарадан шағым түспеді деп отыр. Сондықтан полицейлер тұрғындарды аса сақ болуға шақырады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ