$510.59 €578.91 ₽6.37
×

Ұн тартатын диірмендер тоқыраудың алдында тұр

AstanaTV
28.03.2018ж. 20:00
5490
Ұн тартатын диірмендер тоқыраудың алдында тұр

Астықты аймақтарда диірмендер тоқыраудың алдында тұр. Жыл басынан бері ұнның бағасы құлдырап, кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті әлсірей түскен. Тығырыққа тірелген кәсіпкерлер енді үкіметтен қолдау күтеді.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл - аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі. Серіктестікте 250 адам жұмыс істейді. Диірмен - түріктің озық технологиясымен жабдықталған. Жылына 130 мың тонна ұн шығаруға қауқарлы. Тобыл өңіріндегі кәсіпорын жалпы өнімнің 99 пайызын Ауғанстан нарығына жөнелтеді. Ай сайын 12 мың тонна ұн экспорттайды.

Бас директордың айтуынша, дәл қазір диірменнен табыс жоқ. Жұмысын тоқтатайын десе, жұмысшылардың жағдайына алаңдайды. Сондықтан шығынға ұшырап, өнімді арзан бағамен ауған еліне өткізуге мәжбүр.

Дулат Шаяхметов, ЖШС бас директоры:

Январьдан бастап, февральдан бастап ұнның бағасы құлап жатыр. Бидайдың бағасы орнында тұр. Қазір пайда жоқ, бірақ тоқтамай істеп жатырмыз. Бір айда 20-25 миллион теңгедей шығынға ұшырап отырмыз.

Серіктестік басшысының айтуынша, ұнның бір тоннасының құны былтыр 330 долларға жетсе, биыл 240-қа дейін құлдырап кеткен. Ауған нарығындағы бағаның ауытқуына сыртқы факторлардың әсері де жоқ емес.

Дулат Шаяхметов, ЖШС бас директоры:

Өзбекстан жолда тұр. Олар бидайды бізден алып жатыр. Сол бидайдан ұн шығарады. Жол шығыны 20-25 доллар төмен бізге қарағанда. Сол зияны сол.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның мәліметінше, Ауғанстан нарығының тең жартысын өзбек өнімі жаулап алған. Көрші мемлекеттің кәсіпорындары Қазақстан астығынан ұн тартып, ұтымды бағамен экспорттап жатқан көрінеді. Олар салықтан босатылған. Сондықтан толлинг жүйесін тиімді пайдаланып, біздің бидайды өздеріне тасып, өңдеп арзанға сатып отыр.

Евгений Ган, «Қазақстан астық өңдеушілер одағының» президенті:

Экспорт саясатымен айналысатын нақты мемлекеттік орган жоқ. Соның салдарынан осындай күйге түстік. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе құзырымызға кірмейді деп құтылды. Біз ешкімге керек емеспіз.

Қызылжарда да жағдай мәз емес. Өңірдегі диірмендердің басым бөлігі тоқтап тұр. Теріскейлік компаниялар үш жыл бұрын 5 мемлекетке ұн сататын. Бүгінде баға саясатының кесірінен жұмыс тұралады. Мәселен, тәулігіне 300 тонна өнім шығаратын мына серіктестік қаңырап бос тұр. Ұн шығару тиімсіз болғандықтан, 90 жұмысшыны ақысыз демалысқа жіберген.

Таисия Колегова, ЖШС коммерциялық директоры:

Ауғанстан ұнды 170 доллардан алуға дайын. Бірақ өнімнің өзіндік құны мен жол шығынын қосқанда, 210 долларға шығып тұр. Қазір облыстағы диірмендердің 70 пайызы өндірісті тоқтатқан. 30 пайызы жартылай жұмыс істеуде. Біз үкіметтен экспортқа жіберілетін тауардың жол ақысын субсидиялауды сұраймыз. Билік  33 долларға шығатын көлік шығынының жартысын өз мойнына алса, көп көмек болар еді.

Өзбекстан екі жылдан бері ұн экспортын мықтап қолға алған. Арнайы мемлекеттік кәсіпорын құрылып, бизнес иелері үкіметтен қолдау көріп отыр. Кәсіпкерлер, тығырықтан шығу үшін біздің биліктің тарапынан да осындай қадам болуы керек, дейді.

Заңғар САНАЙ