$447.73 €502.98 ₽5.35

«Заң мен тәртіп»: Астанада бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті

05.10.2026ж. 12:33
«Заң мен тәртіп»: Астанада бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті
Фото: Астана әкімдігі

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдау аясында бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Ырыскелді қажы мешіті маңынан басталған спорттық іс-шараға 1500-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында әуесқой жүгірушілер, жастар, отбасылар және қала қонақтары болды.

«Бұл іс-шараны «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырып отыр. Ал біз, «Әділет» партиясы бұл бастаманы қолдаймыз. Астана мен жалпы Қазақстанды есірткісіз ортаға айналдыруға ұмтыламыз. Әрине, бір ғана жүгірумен елордадағы немесе елдегі есірткі мәселесі шешіліп кетпейді. Дегенмен адамдардың белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына жағдай жасайтын орта қалыптастыру маңызды. Бұл кәсіби марафон немесе жоғары деңгейдегі жарыс емес. Керісінше, кез келген адам қатыса алатын жеңіл форматтағы таңғы жаттығу », – деді «Әділет» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев.

Қатысушылар Ырыскелді қажы мешітінен басталған бағыт бойынша Кенесары хан ескерткішін айналып өтіп, 4 және 7,6 шақырым қашықтықты еңсерді. Жүгіру іс-шарасы елордалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Жарысқа Павлодардан келген Евгений Казаков та қатысты. Ол бұған дейін Зерендіде өткен жүгірісте 30 шақырым қашықтықты бағындырғанын айтты.

«Кеше Зерендіде өткен жүгіру іс-шарасына қатысып, 30 шақырым жүгірдім. Бүгін Астана арқылы өтіп бара жатып, осындай іс-шара ұйымдастырылып жатқанын көріп, отбасыммен бірге қатысуды жөн көрдік. Кешегі жүгірістен кейін бүгін жоғары нәтиже көрсету қиын. Дегенмен барымды салуға тырыстым. Өзім кёкусинкай каратэмен айналысамын. Бүкіл отбасымызбен спортпен шұғылданамыз және салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Спортпен міндетті түрде жүгіру арқылы ғана айналысу шарт емес. Кез келген бұқаралық спорт түрімен немесе спорт секцияларында шұғылдануға болады. Бүгін бұл іс-шараға Павлодар қаласының кёкусинкай каратэ өкілі ретінде қатысып отырмын», – деді бұқаралық жүгіріске ерекше киіммен келген Евгений Казаков.

Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталды.