Ақтауда 13 жастағы жасөспірімнің өліміне байланысты облыстық балалар ауруханасының хирургі қамауға алынды, деп хабарлайды Astana TV.
Былтыр сәуір айында науқастың жағдайы күрт нашарлап, бала санавиация арқылы Алматыға жеткізілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеру барысында аталмыш ауруханадан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тағайындалған комиссиялық сот-медициналық сараптама балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынуға әкеп соқтырған кемшіліктерді анықтады. Сондай-ақ тергеу барысында емдеу-диагностикалық және ұйымдастырушылық-тактикалық сипаттағы қателіктер орын алғаны белгілі болды.
Күдікті хирург ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.