Қазақстанда мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданғанына 7 жыл. Мемлекет ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған маңызды шешімдер шығарды. Педагогтер қағазбастылықтан арылып, кім көрінгеннің барып кел, шауып кел дейтін жосықсыз бұйрықтарынан да құтылды. Қоғамда мұғалімнің абыройы асқақтап, ұстаздық жолды таңдайтын білімді шәкірттердің қарасы көбейді. Соңғы бірнеше жылда ұстаздар да мемлекеттік наградаларға ұсыныла бастады. Кәсіби мерекеге орай биыл да Ақордада дәстүрлі марапаттау шарасы өтті.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға, Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Иә, халық баласын оқытуды өмірлік миссия еткен ұлағатты жандар ешқашан еңбегін бұлдаған емес. Алайда мемлекет ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан мұғалімдерді ешқашан ұмыт қалдырмайды. Бүгінгі Ұстаздар күнінде тағы бір топ мұғалімнің мерейі асқақтап, Ақордада президент қолынан марапат алды.
Гүлмира Тұрдыбекқызы - 200 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар династиясының өкілі. Атасы мен анасының жолын жалғаған еңбек пәнінің мұғалімі Түркістан облысындағы ауыл мектебінде сабақ береді. 35 жылдық тәжірибесі бар маман бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы құрметті атағына ие болды.
ГҮЛМИРА ТАҒАЕВА, ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ (ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ):
Ауыл мектебіндегі ауыл балаларының бойында недеген керемет дарын бар. Сол дарынды аша білу – ұстаздың міндеті. Бүгінде сол балалармен жұмыс істеудің арқасында еселеп жемісін беріп жатыр міне. Ақорданың төрінде, президенттің құттықтауында наградасында болып, керемет көңіл-күймен марапатталдым. Шүкір. Еңбек ете беріңіздер, еңбектің жемісі, жеңісі де болады екен.
Әр адамның өмірінде ұстаздың алар орыны ерекше. Ұрпақтың сауатын ашып, бәсекеге қабілетті ұлт даярлау – жауапкершілігі жоғары абыройлы міндет. Сондықтан мұғалімдер күні елімізде бүкіл қоғамды біріктіретін, халықтық сипат алған қастерлі мерекеге айналған. Елдің қуаты табиғи байлықпен емес, адами капиталдың сапасымен өлшенетін уақытта мықты мұғалімдерге деген сұраныс арта түспек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз.
Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп бой көтереді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи инфрақұрылымы бар оқу ордалары жасақталды. Олардың 40 проценті ауылдық жерде орнасқан. Президент аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмау керегін бүгін де қадап айтты. Өйткені қолжетімді білім- мемлекет болашағына әсер ететін негізгі фактор.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Жаңа технология талай мамандықты келмеске кетіріп жатқан заман. Дегенмен мұғалімнің орынын ешқандай робот алмастыра алмайды. Алайда ұстаздың алтын уақытын үнемдейтін көмекші ретінде жасанды интеллект орта білімге кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Шалғай ауылдардағы мектерге дейін озық әдістеме мен цифрлық платформа жеткізіледі.
МЕРУЕРТ МҰҚАШЕВА, ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ:
Бүгінгі таңда білім беру бағдарламасына ерекше курс еніп отыр. Конституция негіздері, Заң мен тәртіп курсының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы өте зор. Сонымен қатар өзіңіз айтып өткендей мектептегі оқушыларды ұлттық құндылықтарымыздың негізінде амандасу мәдениетіне тәрбиелеуге ерекше мән береміз. Сізге ұстаздарға жасап жатқан, көрсетіп жатқан қолдауыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Табанды еңбек қана табысқа жетелейді. Өскелең ұрпақ өмірдің осы алтын ережесін түйсінуге тиіс. Мемлекет жастардың мақсат-мұратқа жетуіне ынталандыратын барлық жағдайды жасайды. Биікке көз тігіп, бәсекеден тайсалмайтын қайсар буын тәрбиелеу – стратегиялық мақсат. Оған ижету үшін отбасы, мектеп, мемлекет үштігі күш біріктіруі тиіс.