Полицияның мәліметінше, оның ажалына жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр дерті себеп болған. Alaska Public Media басылымының жазуынша, Джуно полициясы тергеу нәтижесінде марқұмның әйелі Шерил Макдональд-Паскуан күйеуінің қазасын әдейі жасырып келгенін анықтады. Ол марқұмның атынан зейнетақы мен өзге де төлемдерді алып келген.
Денесі табылған кезде жасы 74-ке келетін Паскуанның атына 2026 жылдың шілдесіне дейін ай сайын зейнетақы түсіп тұрған. Алайда оның нақты қай күні көз жұмғаны белгісіз. Полиция болжамынша, сүйек мұздатқышта 2018–2025 жылдар аралығында сақталуы мүмкін.
Ер адамның сүйегі 19 шілдеде Switzer Village Mobile Home Park тұрғын үй кешеніндегі ерлі-зайыптылар үйінің жанындағы қорадан табылды. 2025 жылдың шілдесінде Макдональд-Паскуан қатерлі ісіктен қайтыс болғаннан кейін, үйді тазалауға келген адам оралған адам денесіне ұқсас затты көріп, полицияға хабарлаған.
Тергеушілер мәйіттің мұздатқышқа қалай түскенін нақты анықтай алмады. Сонымен қатар полиция бұл істе әйелге біреудің көмектескеніне немесе төлемдерді бірге иемденгеніне ешқандай дәлел таппаған.
Куәгерлердің айтуынша, әйелі күйеуінің жоқ болып кетуін «Джунодан тыс жердегі күтім үйіне ауыстырылды» деп түсіндіріп келген. Паскуанның қазасы ресми түрде тіркелмеген, әрі оның жоғалғаны туралы да ешкім арызданбаған.
Полиция Макдональд-Паскуанның күйеуі қайтыс болғаннан кейін қанша қаражат алып үлгергенін дөп басып айта алмады. Қазіргі таңда тергеу жабылды, бірақ жаңа мәліметтер шықса, құқық қорғау органдары істі қайта қарауы мүмкін.