$453.65 €509.99 ₽5.31

СҚО-да 31 рет құқық бұзған шетел азаматы елден шығарылды

СҚО-да 31 рет құқық бұзған шетел азаматы елден шығарылды
Фото: Polisia.kz

Өңірде жыл басынан бері заң бұзған 62 шетелдік елден шығарылды

Солтүстік Қазақстан облысында шетел азаматы жауапқа тартылды. Бұған оның бірнеше рет құқық бұзуы себеп болған: ер адам белгіленген жылдамдықты бірнеше мәрте асырған, сондай-ақ көлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізген, деп хабарлайды Astana TV.

Осы жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін ол СҚО аумағында барлығы 31 рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Олардың қатарында қоғамдық орында былапыт сөйлеу және түнгі уақытта тыныштықты бұзу да бар. Қазақстан заңнамасын қасақана бірнеше рет бұзған шетел азаматы Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарылды.

Жыл басынан бері СҚО-дан 62 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Оның үшеуі 5-9 қазан аралығында өткізіліп жатқан "Заңсыз келуші" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні шығарылды.

Бір күн ішінде рейдтік іс-шаралар нәтижесінде полицейлер көші-қон заңнамасын бұзудың 90-нан астам дерегін анықтады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін алты жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Мысалы, құрылыс нысандарының бірінен жұмысқа орналасуға рұқсаты болмаған 12 шетел азаматы анықталды.

​​​​​​​Полицейлер көші-қон саласындағы заңнаманы қамтамасыз ету "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының маңызды тіректерінің бірі екенін атап өтті.