Жұмыссыздарға кәсіп тауып беру ісіне бұдан былай жекелеген агенттіктер де атсалысады. Жұмыспен қамту туралы заңға енгізілетін өзгерістерге сай аутсорсинг қызметін жүзеге асыру қолға алынбақ. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлу көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді. Сенаттың жалпы отырысында жұмыспен қамту мен көші-қон мәселелері бойынша заң жобасы талқыланған. Депутат Нұржан Нұрсипатов жұмыспен қамту орталықтары өз міндетін көбіне формальды түрде атқарады деп сынады. Министрдің айтуынша, қазір елде 199 жұмыспен қамту орталығы бар. Бірақ жұмыссыздықты жоюға олардың қауқары жетпей жатқан көрінеді.
Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жұмыс берушілердің жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді беру талаптары іске асырылмай жатады немесе формальды түрде жүргізіледі. Заң қабылданған соң жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыс берушілердің өзара байланысында оң өзгеріс бола ма?
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
"Нәтижелі жұмыспен қамту" бағдарламасында көзделген қаражаттың бір бөлігін жеке жұмыспен қамту орталықтарына бермекпіз. Адамдардың мүмкіндігін көбейту үшін жұмыспен қамту орталықтары осыған қосылса, біздің ойымызша, 60 мыңнан астам адам осындай мүмкіндікке ие болады.
Ал, Сенат депутаты Мұрат
Бақтиярұлы ең төменгі жалақы мөлшері мен ең төменгі күнкөріс шегін ұлғайту
қажет деген ұсыныс жолдады. Сенатордың пікірінше, бұл мақсатты орындауға
Үкіметтің толық мүмкіндігі бар. Ол келтірген деректерге сай, қазір елімізде ең
төменгі жалақы 28 мың теңгеден сәл-ақ асады. Бұл өте аз дейді. Мәселен, көрші
Ресейде ең төменгі айлық теңгеге шаққанда 55 мың. Беларусь елінде бұл көрсеткіш
50 мың, Арменияда 37 400, Украинада 35 мың, Молдовада 48 мың теңгені құрайды. Ал Литва мен
Эстонияда 198 мың теңге.
Сенатор Қазақстандағы жұмыссыздар санына да
алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, 950 мыңдай адам жұмыссыз ретінде мүлде
тіркелмеген. Депутат бұл салада шындыққа жанасатын нақты бір цифр жоқ деп отыр.
Ал жоғарғы оқу орындары жыл сайын 100 мың маман бітіреді. Бірақ оның тек 40-45
пайызы ғана жұмысқа орналасатын көрінеді. "Қалғаны қайда жүргені
белгісіз" деген сенатор анализ жасау керек екенін айтты.