Негізгі / Жаңалықтар / «Жас Отанның» IV съезі аяқталды

«Жас Отанның» IV съезі аяқталды

Көшбасшы болу үшін жасандылық керек емес, еліңе пайдаң тисе болғаны. «Жас Отанның» IV съезіне қатысқан жастар «Жаңа әлемге жол саламыз» атты гала-форумда осылай деді. Съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шындық форматында онлайн көрсетілді. Бұл съездің тарихи маңызы зор, себебі "Жас Отанның" алғашқы съезі осыдан тура 10 жыл бұрын өткен. Жиынға мың жарымға жуық белсенді жас қатысты.

"Елім - тірегім, Жерім - жүрегім" деп ұрандатқан жас отандықтар. Қоғамның күрмеулі мәселелерін шешуге ат салысып жатыр. Президент жариялаған 5 бастаманы жүзеге асыру үшін ұсыныстарын енгізді. Нұрсұлтан Назарбаев съезд қатысушыларына құттықтау сөзін жолдады. Оны Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, әлемнің ең озық мамандарымын ияқ тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын.

«Жас Отан кітапхана». Партиялық жастардың жаңа бастамасы аясында барлық кітаптар электронды форматқа көшіріліп, қолжетімді бола түседі. Жастар қанаты барлық кітапханаларды заманға сай орталықтарға айналдыруды ұсынды. Ал осыдан 4 жыл бұрын мал басын көбейтуді қолға алған Адамбек Баймырза жастарды кәсіпкерлікті дамытуға шақырды.

Адамбек Баймырза, жеке кәсіпкер:

Қазіргі таңда сол нар тәуекелдің арқасында жылқының басы 200-ге жетіп, 6 адамды жұмыспен қамтып, ет және сүт өндіру саласын дамытып келемін. Осы мінбені пайдаланып, қазіргі жастарға айтарым, жастар, ата кәсіппен айналысайық. Өз кәсібімізді өрлетіп, жұмыс орындарын ашайық. Бұл біздің жұмыссыздықпен күрестегі басты үлесіміз болсын.

Ал паралипиада жүлдегері Серік Есматов жүк поезының астына түсіп қалған. Екі аяғынан айырылса да, өмірден түңілмей, қайта өзі жастарға жігер беретін тренингтер өткізіп жүр.

Серік Есматов, паралимпиада жүлдегері:

Біздің қоғамға біріге түсу керек. Мейірімділік, бір-біріне қол ұшын беру аздау. Мен өз әрекетіммен жастарға үлгі болып бірігу керектігін айтамын, көрсетемін. "Нұр Отанның" да бағыты осы - барлығымызды бір шаңырақтың астына біріктіру. Мен аяқсыз қалсам да, қатарымнан қалған жоқпын. 

"Жасотандықтар ел құндылықтарын алға бастыратын негізгі күштің бірі болу керек", - деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызды және ұлттық қодты сақтауда елдігіміздің іргесін нығайтып, еңсемізді тіктеуде жастардың, соның ішінде жасотандықтардың алар орны ерекше. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ұйысу керек. Ал оның негізгі үйлестірушісі болып «Жас Отан» жастар қанатының мойнына жүктеліп отыр.

Съезд алғаш рет VR форматында онлайн көрсетілді. Оған елдегі барлық жасотандықтар қосылды. Мәселен, Қызылорда өңірінің жас теміржолшылары съезге виртуалды форматта қатысты. Сонымен қатар өскемендік мектеп оқушылары да "Жас Отанның" жиынын онлайн тамашалады. Съезд соңында жасотандықтар еліміздің жаңғыру үдерістеріне қатысты стратегиялық міндеттер көрсетілген арнайы құжат қабылдады. Ал съезден ерекше шабыттанғандар өлең арнап жатты. 

Самат Тоқпанов, «Жас Отан» жастар қанаты, Жамбыл облысының делегаты:

Көңілдей пәк, көгілдір һәм аспаны, Болашақтың мөлдір тұнық бастауы. Жаңа әлемге жол бастаған қашанда, Жасай берсін «Жас Отанның» жастары.

Айгүл Әдепбай