Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда бір жол айрығын салу үшін 130-ға жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады

AstanaTV
29.03.2018ж. 20:00
2968
Алматыда бір жол айрығын салу үшін 130-ға жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады

Алматыдағы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысына түсетін жол айрығын салу үшін 130-ға жуық жер телімін босату керек. Бірақ бір жылда тек оның 11-і ғана мемлекет меншігіне қайтарылса, қалғанын жергілікті билік қашан сатып алатынын нақты айта алмады. Оның үстіне меншік иелері де ұсынылған бағамен келіспей отырған көрінеді. Олжас Нұржақып баяндайды.

Алты жылдан бері арқасын кеңге салған Арманның шаңырағына ескерту қағазы өткен жылдың жазында келген. Онда жол айрығының түсуіне байланысты жер телімін босату сұралған. Кейін бағалаушылар келіп болмашы қаражат ұсынды дейді. Бірақ келіспеген. Арманның бағалауынша, 6 сотық жері мен үйі шамамен 30 миллион теңге тұрады. Енді бұл іс сотта қаралып жатыр. 

Арман, Алматы қаласының тұрғыны:

Төмен баға ұсынып жатыр бізге. Біз оған келіспейміз. Сондықтан істі сот қарап жатыр. Соттың шешімімен көреміз. Сот қалай шешім қабылдайды. Дұрыс жағынан қабылдар деп сенеміз енді.

Бес жыл бұрын көшіп келген Жанар да жер телімі бағасын сот қарап жатқандығын айтты. Ал, жергілікті билік өкілдері жер телімі қазіргі нарық бағасымен есептелмейтінін айтты.  Дегенмен барлығы заң аясында шешіледі деп отыр.

Ардақ Самамбетов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Біз жер мен үйді нарықтағы бағамен санамаймыз. Заңда басқа форма. Яғни кадастрлық құн немесе баяғыда сатып алынған сомамен. Қазіргі таңда 130 жер телімі қожайынының 86-на қаулы бар. Оның 11-ін өткен жылы сатып алдық. 16-сы ұсынылған бағаға келісімін берсе, қалғанына сот шешім шығарады. Қаржы түссе, қимылға көшеміз.

Жер қатынастары басқармасының дерегінше, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысы бойынша жері телімін қайтаруға келісіп, қаржы күтіп отырған тұрғындар саны 60-қа жуық. Оларға шамамен 2 жарым миллиард теңге қажет. Бұл сомманы республикалық бюджеттен бөлуге ұсыныс жолданған. Мамандар ақша түссе, істі осы жылы аяғына жеткіземіз деп отыр. Ал қалған 44 қожайынның меншігіндегі жер қашан, қанша соммаға сатып алынатындығы әлі белгісіз.

Олжас Нұржақып