Тозығы жеткен су құбырлары, жөндеуді қажет ететін жолдар мен медициналық көмектің қолжетімділігі. Осы және өзге де мәселелер «Әділет» партиясы Солтүстік Қазақстан облысында өткізген Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау барысында көтерілді, деп хабарлайды Astana TV.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан партияның мобильді қоғамдық қабылдау алаңдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен толық үндеседі.
Бұл ретте Есіл, Айыртау аудандарына қарасты Явленка, Корнеевка, Лобаново және Шалқар ауылдары қамтыған қабылдау барысында бір күнде мамандарға 50-ден астам адам жүгінді. Бірқатар мәселе бойынша тікелей сол жерде түсініктеме берілсе, енді бірін шешу үшін қосымша шаралар мен бюджеттен қаржы бөлу қажет.


Есіл ауданы Явленка ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бірі – тозған құбырлардан арылып, баспаналарды жаңа су құбыры желілеріне қосу. Жиі орын алатын апат салдарынан ауыл тұрғындары кей кезде екі апта бойы сусыз қалады. Былтыр ауылда жаңа су тарату желілерінің құрылысы басталды. Осы орайда тұрғындар үйді жаңа жүйеге қалай қосатынын білгісі келеді.
«Бұрын су құбырлары ай сайын дерлік жарылатын еді. Былтыр жаңа су желілерін тарту жұмысы басталып, биыл жалғасын тапты. Алайда ауыл тұрғындарын жаңа құбыр жүйесі үйге қалай қосылатыны алаңдатады. «Әділет» партиясы осы мәселені шешу ісіне атсалысады деген үміттеміз», – деді Явленка ауылының тұрғыны Наталья Балюк.
Қабылдау барысында ауылда ескі құбырларды ауыстыру ғана емес, жаңа су құдықтарын салу жұмысы жүргізіліп жатқаны түсіндірілді. Ал жаңа құдықтардан үйге дейін су тарту жұмысын баспана иелері өздері ұйымдастыруға тиіс.
Ауызсумен қамту мәселесін өзге ауылдардың тұрғындары да көтерді. Бүгінде Советское ауылын магистральдық су құбырына қосу бойынша жоба құжаттамасы түзетіліп жатыр. Имантауда су тарату желілерін салуға қажет құжаттар дайын болғанымен, қаржы әлі бөлінген жоқ. Ал Лобаново ауылына жаңа су ұңғымасы қажет. Ол үшін алдымен тиісті жоба әзірленуге тиіс.

Ауылдардағы жолдардың жай-күйіне қатысты да көп өтініш айтылды. Қабылдау барысында тұрғындарға жолдардың басым бөлігі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені, алайда қаржы бөлу мәселесі тиісті деңгейде қосымша қарауды қажет ететіні түсіндірілді.
Әлеуметтік сипаттағы өтініштерге де ерекше назар аударылды. Ильинка ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сарбиназ Сычёва денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін Александровка ауылының қариясына көмек көрсетуді сұрады. Қабылдау қорытындысында зейнеткерді әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне орналастыруға көмек көрсетуге уәде берілді.
«Біз тұрғындармен міндетті түрде кері байланыс орнатып отырамыз. Орындалмайтын уәде бермейміз. Әрбір көтерілген мәселеге сапалы әрі нақты жауап берілуге тиіс», – деді «Әділет» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қалия Төренова.
Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
