$453.93 €508.72 ₽5.35

28 жыл бойы әлемді жаяу шарлаған британдық отанына аман-есен оралды

28 жыл бойы әлемді жаяу шарлаған британдық отанына аман-есен оралды
Фото: Наш портал

Ешқандай көлікке отырмастан 50 мың шақырымды еңсерген бұрынғы десантшы, тіпті Каспий теңізін де жүзіп өтіп, Ұлыбритания жағалауына табан тіреді

Осыдан 28 жыл бұрын жолға шыққан британ саяхатшысы Карл Бушби ақыры отанына жетті. Бұрынғы десантшы бұл сапарын 1998 жылы Чилиден бастаған еді. Жанында бары-жоғы 500 доллар ақшасы бар саяхатшы өзіне «межелі жерге тек өз аяғыммен жетемін, ешқандай көлікке отырмаймын» деген қатаң шарт қойған, деп хабарлайды Astana TV.

Ауқымды экспедиция кезінде Бушби 50 мың шақырымға жуық жол жүріп, 29 мемлекетті артта қалдырды және төрт құрлықты басып өтті. Саяхатын 12 жылда аяқтаймын деп жоспарлағанымен, виза даулары, қаржы тапшылығы мен пандемия кесірінен сапары үш онжылдыққа созылып кетті.

Жолдағы небір қиын-қыстау сәттер

Шартарапты аралау барысында саяхатшы талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді:

Дарьен ормандары: Панама мен Колумбия арасындағы қалың тоғайды аралап жүріп, қарулы топтардан жасырынуға мәжбүр болған.

Беринг бұғазы: 2006 жылы америкалық серігімен бірге минус 30 градус үскірік аязда, қозғалмалы мұздың үстімен екі апта жүріп өтті.

Каспий теңізі: 2024 жылы құрлықтағы шекаралар жабылып қалғанда, 300 шақырымдық айдынды 31 күн бойы жүзіп өтті. Саяхатшының сертін бұзбауына Қазақстанның жүзуден ұлттық құрамасы мен шекарашылары көмектесіп, жанында бірге жүзген.

Ла-Манш бұғазы: Франциядан Ұлыбританияға өтерде қауіпсіздік мақсатында туннельге жібермей қойған соң, 57 жастағы ардагер проливті жүзіп өтуге бел байлайды. Өршеленген толқынға қарамастан, ол 20 сағат су ішінде арпалысып, үш күнде оңай емес межені еңсеріп шықты.

«Осынша жылдан кейін туған жердің топырағын қайта басу — ерекше сезім. Бұл сапар арқылы адам баласы өзі ойлағаннан да төзімдірек әрі мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдегім келді», — дейді Карл Бушби Англия жағалауына табан тіреген сәтте.

Басты межеге әлі 400 шақырым бар

Дувр қаласының маңына тоқтаған саяхатшы экспедицияны әлі толық аяқтаған жоқ. Өз уәдесіне толық ұйып, жобаны түйіндеу үшін ол енді анасы тұратын Халл қаласына дейін 400 шақырымды жаяу жүріп өтуі тиіс.

Қазіргі таңда Бушбидің бұл таңғажайып сапары туралы аты әйгілі режиссер Вернер Херцог Walk of Life деген атаумен толықметражды деректі фильм түсіріп жатыр. Туған үйіне жеткен соң саяхатшы дәріс оқып, деректі жобалармен айналысуды көздеп отыр.