$453.93 €508.72 ₽5.35

Астанада қара көзілдірік таққан ер адам мектеп оқушысын үйіне дейін аңдыған

Астанада қара көзілдірік таққан ер адам мектеп оқушысын үйіне дейін аңдыған
Фото: istockphoto.com

Астанада белгісіз ер адам мектептен қайтып келе жатқан қыз баланы аңдып, соңынан қуған. Кейін ол аулада жүрген тағы бір қыздың ізінен ергені белгілі болған. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Astana TV.

Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде қызының басынан өткен оқиға туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, мектептен шыққан қызын қара көзілдірік таққан белгісіз ер адам үйіне дейін аңдыған.

Жазба авторының сөзінше, ер адам қыз мінген автобусқа артынан кіріп, онымен бірге түскен. Мұны байқаған оқушы қаша жөнелгенімен, белгісіз адам оның соңынан қуған.

Қыз бала үйдің кіреберісіне жүгіріп кіріп, есікті жауып үлгерген. Алайда арада біраз уақыт өткен соң ол әлгі ер адамды қайта көрген. Бұл жолы күдікті аулада ойнап жүрген басқа бір қыздың соңынан аңдыған көрінеді.

«Қызым қатты қорқып қалған, енді үйден шықпайды», – деп жазды ата-ана.

Ол басқа ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ қызының мектепке барып-келуін бұдан былай өзі қадағалайтынын айтты.

Полиция оқиғаға қатысты шара қабылдайды

Аталған жағдай Астана қаласының Полиция департаментінің назарын аударған.

Ведомствоның мәліметінше, белгісіз ер адамның жеке басын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ол анықталғаннан кейін заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Полиция өкілдері азаматтарға осындай жағдайларға куә болғанда немесе күдік тудыратын әрекеттерді байқағанда, дереу 102 нөміріне хабарлауды ескертті.

Ата-аналарға балаларымен бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін талқылап, күмәнді жағдай туындаса, қайда және кімге жүгіну керектігін түсіндіру маңызды.