$453.93 €508.72 ₽5.35

Елімізде 900-ден астам лифт апаттық жағдайда

Елімізде 900-ден астам лифт апаттық жағдайда

Елімізде 900-ден астам лифт апаттық жағдайда тұр, ал 4 мыңға жуығының қолданылу мерзімі өтіп кеткен. Ал бұл қауіпті құрылғыларды бақылауға тиіс инспекторлар да, қаржы да жетіспейді. Көпқабатты үйлердегі «ажал арбасына» айналған көтергіштердің мәселесін кім және қашан шешеді? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Лифтке кіреміз, қажетті қабатты басамыз. Кәдімгі, күнделікті әрекет. Бірақ мына кабина кенеттен жолда тоқтап қалса, не істейміз? Ең бірінші дүрлікпеу, сабыр сақтау және диспетчермен байланысу. Есікті жұлқылап, күшпен ашуға немесе өз бетімізше сыртқа шығуға қатаң тыйым салынады. Өйткені бұл – өмір мен өлім мәселесі. Ал осындай қауіптің алдын алу үшін көтергіш құрылғылар уақытылы тексеріліп, тозған бөлшектер дереу ауысуы тиіс. Әсіресе, жылдар бойы жөндеу көрмеген ескі үйлердің лифтілері қазір ерекше назарды талап етеді.

Лифтінің жиі тоқтауы, есігінің шала жабылуы, түрлі бөгде дыбыстың шығуы немесе кабинаның қабат деңгейіне дәл келмеуі техникалық ақаудың айқын белгісі. Мұндай кезде дереу жауапты қызметке хабарлау қажет. Заң бойынша Қазақстанда лифтінің нормативтік пайдалану мерзімі - 25 жыл. Әрі қарай қолдануға жарай ма, жоқ па, оны арнайы техникалық зерттеп-қарау нәтижесі ғана шешеді.

ВАЛЕРИЯ ЛАТЫШ, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тұрғындар тарапынан шағым түскен бойда біз лифтке қызмет көрсететін мамандандырылған компанияны шақырамыз. Бірақ басты мәселе тұрғындардың ортақ шешімге келуі. Егер лифт тозып, ауыстыруды немесе күрделі жөндеуді талап етсе, оны тұрғындардың жалпы жиналысы шешуі тиіс. Ортақ мүлік болғандықтан, көпшіліктің келісімінсіз ештеңе жасай алмаймыз.

Лифт қауіпсіздігі - бір ғана мекеменің емес, бірнеше тараптың ортақ жауапкершілігі. Басқарушы ұйым техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастырса, мамандандырылған компания жабдықты тексеріп, жөндейді. Ал мемлекеттік инспекторлар заң талаптарының сақталуын қадағалауы тиіс. Бұл тізбектегі кез келген салғырттық қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін.

МИХАИЛ ТОКАВЕНКО, ЛИФТКЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Көбіне электр желісіндегі ақаулардан немесе тұрғындардың жөндеу жұмыстарын жүргізуі кезінде лифт жұмысы бұзылады. Сондай-ақ есік арасына қоқыс түсуі немесе есіктің соғылуы сияқты жағдайлар кездеседі. Мұндай ақаулар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық қызмет бар. Бұдан бөлек, әр лифтке жауапты механиктер бекітілген. Олар ай сайын лифтіні тексеріп, техникалық жағдайын бағалайды.

Ресми деректерге сүйенсек, елдегі тұрғын үй қорында 38 мыңға жуық лифт бар. Оның 900-ден астамы апаттық жағдайда тұрса, 3 800-ге жуығы 25 жылдық пайдалану мерзімінен өтіп кеткен. Ал 2 мыңға жуық көтергіш құрылғы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ескі лифтілер мәселесі әсіресе Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында өте өзекті.

ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ:

Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу қағидаларына сәйкес, тұрғын үй қорының қанағаттанарлық жай-күйін сақтап қалу мақсатында, өңірлерге республикалық бюджет қаражатынан 7 жылға 1%-бен бюджеттік кредиттер беріледі. Бұл қаражат кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеуге, оның ішінде лифт ауыстыруға, кондоминиум объектісінің меншік иелеріне қайтарымды негізде 7-15 жыл аралығына бөліп төлеуге ұсынылады.

Елімізде лифт жабдықтарының тозуы ғана емес, оларды жөндеп, күтіп ұстайтын білікті мамандардың тапшылығы да өзекті. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл жұмысты сапалы атқару үшін кәсіби кадрлар керек.

НҰРЛАН ҚҰТТЫБАЕВ, ЛИФТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Лифт саласында электромеханик по лифтам деген мамандықтар аз. Олардың кәсіби деңгейі төмен. Сондықтан 25 жыл істейтін лифтінің лифт маманының қызмет көрсетуіне біз әрекет етіп жатырмыз.

Тұрғын үй саласында лифтіден де басқа түйткілдер жетіп артылады. Елдегі 61 мыңнан астам көпқабатты үйдің төрттен бір бөлігі, яғни 14 мыңнан астам баспана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал дауыс беруді жеңілдету үшін 2027 жылы тұрғындарға арналған тегін цифрлық сервис іске қосылмақ. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарын күшейту бағытында заңнамалық өзгерістер де қарастырылып жатыр.