Қазақстанға мемлекеттік сапармен алғаш табан тіреген Бельгиялықтар Королі мен Патшайымын Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі меймандарды күтіп алу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс кестесін өзгертіп, арнайы уақыт бөлгені белгілі болды. Бұл туралы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Король Филипптің өзі айтып, Президентімізге алғысын білдірді. Королдік жұппен бірге елімізге 100-ден аса делегат келген. Төрткүл дүние көз тіккен тарихи сапар аясында тараптар не шешті? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.
Бельгиялықтардың Королдік жұбын қарсы алуға Қазақстан тарапы қызу дайындалғаны байқалды. Әскери әуе күштері екі елдің мемлекеттік туларын Ақорда аспанында желбіретіп алып ұшты. Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтарды резиденция алдына шығып, арнайы күтіп алды.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Бельгиялықтар Королі Филипп пен патшайым Матильда Ақордада. Бұл - мәртебелі меймандардың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Жалпы Орталық Азия елдеріне Еуропалық монархтар бұрын-соңды мұндай жоғары статуспен келмеген. Сондықтан бұл сапарды Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасының жаңа деңгейі деуге болады.
Салтанатты шара екі жақтың делегация өкілдерімен танысуы рәсіміне ұласты. Көпшілік Патшайым Матильданың қып-қызыл, әсем образына тамсана қарап тұрғанда, ол өзінің тектілігін көрсетіп, екі ел басшының артынан еруден аяқ тартып сәл тұрып қалды. Осы сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандарды ортаға алып, кеңесу залына қарай беттеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз.
Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жылға жуықтады. Король тақ мұрагері кезінде Қазақстанға үш мәрте келген. Уақыт тезінен өткен саяси ықпалдастық бүгінде берік экономикалық байланысқа негіз болды. Бельгия еліміздің жетекші сауда серіктесі. Әрі Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың бірі саналады. 2005 жылдан бері Брюссельден Астанаға 15 млрд доллар бағытталған. Келіссөз барысында Король Филипп еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделін атап өтіп, қонақжайлық танытқан Қазақстан президентіне айрықша алғыс білдірді.
ФИЛИПП, БЕЛЬГИЯЛЫҚТАР КОРОЛІ:
Ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді. Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз.
Бельгия да Қазақстан секілді көпэтносты ел. Қасым-Жомарт Тоқаев Король әулетінің Бельгиялықтар бірлігін бекемдеу жолындағы еңбегін жоғары бағалады. Әрі біздің елде де «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағида бар екенін тілге тиек етті. Ал Патшайымның сапар аясындағы рухани-мәдени рөліне тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Сіздің балаларды қорғау, білім беру, адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне келгенде, ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз. Бұл игі мұраттар азаматтарымызды шын мәнінде сүйсінтеді.
Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаласты. Ертең өтетін бизнес-форумда 17 коммерциялық келісімге қол қойылмақ. Ал жоғарғы білім саласында ректорлар кездесіп, 24 құжат бойынша келіссөз жүреді.
МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Сыртқы істер министрліктері арасында алдағы 3 жылға арналған жол картасы болады. Біз қазіргі таңда визалық мәселелерге көңіл бөліп жатырмыз. Ол жайлы Брюссель алаңында тиісті Еуропалық комиссиясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының елімізге мемлекеттік сапары 14 қазанға дейін жалғасады. Король Филипп қазақтың табиғаты мен тарихын, заманауи қаласы мен рухани-мәдени мұрасын тануға асық екенін ашып айтты. Мәртебелі мейман Қазақ елінің шаңырағы биік болсын деп қазақ тілінде тілек айтып, сөзін түйіндеді.