Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін тоғыз айда 6 279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 1 504-і – шетел азаматтары. Сот шешімімен 99 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Astana TV.
Полиция мәліметінше, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 119 жұмыс беруші жауапқа тартылған.
Есепті кезеңде 595 шетел азаматы Қазақстан азаматтығын алды. Сонымен қатар облыстың 254 тұрғынына шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсат берілді. Олардың 94-і алыс шетел мемлекеттеріне, ал 160-ы ТМД елдеріне қоныс аударуды жоспарлаған, – делінген полиция хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында екі күнде 88 шетел азаматы ел аумағынан шығарылған еді.