$448.45 €501.59 ₽5.36

Қазақстан Ақтау мен Құрық порттарын Бельгияның логистикалық орталықтарымен байланыстыруды көздейді

Қазақстан Ақтау мен Құрық порттарын Бельгияның логистикалық орталықтарымен байланыстыруды көздейді
Фото: Ақорда

Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуда Бельгияның тәжірибесін пайдалануға мүдделі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Ақтау және Құрық порттары мен Антверпен-Брюгге порт кешені арасындағы серіктестікті дамытудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Президенттің айтуынша, Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция салып жатыр.

«Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай ынтымақтастық Қазақстанның металл, мұнай-химия және ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретінін айтты.

Бельгия Еуропадағы маңызды сауда және логистика орталықтарының бірі саналады. Король Филипптің пікірінше, елдің халықаралық сауда, технология және инновация салаларындағы тәжірибесі Қазақстанмен экономикалық байланыстарды кеңейтуге негіз болады.

«Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл атқарады», – деді Король Филипп.

Қазақстан мен Бельгия арасындағы логистикалық серіктестікті дамыту Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтіп, екі елдің сауда байланысын нығайтуға ықпал етуі мүмкін.