Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы биылғы сегіз айда шамамен 10 пайызға артты. Ал соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасына 15 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Президенттің сөзінше, Бельгия Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Қазір елімізде агроөнеркәсіп кешені, медицина, фармацевтика, озық технологиялар және энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers секілді жетекші компаниялар бар.
«Екіжақты сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық байланысты дамытуға Король Филипптің қосқан үлесін де атап өтті. Осыдан 16 жыл бұрын оның Қазақстанға сауда миссиясын бастап келуі іскерлік ынтымақтастықтың берік негізін қалаған.
Өз кезегінде Бельгия Королі екі елдің экономикалық әлеуеті өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Бельгия мен Қазақстанның арасы географиялық жағынан алшақ болғанымен, мақсат-мұраттарымыз, амал-әрекеттеріміз және табандылығымыз тұрғысынан өте жақын елдерміз», – деді Король Филипп.