Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Астанаға газ тартылған соң жылу тарифі 60 пайызға дейін қымбаттайды

AstanaTV
02.04.2018ж. 20:00
2907
Астанаға газ тартылған соң жылу тарифі 60 пайызға дейін қымбаттайды

Астанаға газ тартылған соң жылу тарифі 60 пайызға дейін қымбаттайды. Бүгін сенаторлар алдында қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов осылай деді. Жылу электр орталығына арнайы барған депутаттар президент бастамаларын түсіндірген 5 әлеуметтік бастаманың бірі - Астананы газдандыру. Мамандардың айтуынша, жылу тарифіне газ ақысы және оны 1400-дей шақырымға тасымалдаудың құны кіреді. Елордаға газ тартылған соң, жылу электр орталықтарындағы су жылытқыш қазандықтар түгелдей газға ауыстырылады. Қазір оның жобалау құжаты дайын. Бірінші жылу орталығының жобалық құны 47 миллион теңге, ал екіншісі 49 миллион теңге деп есептелген.

Қосман Айтмұхаметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Газ келген кезде біз тарифті 50-60 пайызға көтереміз.

Қалаға газ келгенімен №3-ші жылу орталығының құрылысы тоқтамайды. Ол энергияның баламалы көзі болып қала бермек. Өйткені Астанада жыл сайын 2 миллион шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Ондағы тұрғындарға да қуат көзі керек.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Халықтың тығыздығы жыл сайын жүздеген адамға артып жатыр. Ал коммуналдық және әлеуметтік қызметтер бұған ілесе алар емес. Сондықтан 3-ші жылу электр стансасы қажет. Өйткені қуат жетіспейді, қала ұлғайып жатыр. Ал Астананың экологиясы жақсартуды қажет етеді.

Жылу тарату жүйесі газға ауыстырылған соң ауаға жіберілетін зиянды қалдықтар мөлшері  жылына 36 мың тоннаға азаяды деген жоспар бар. Өйткені жағылатын көмір 650 мың тоннаға кемиді. Бүгінде Астананың ауасын ластап отырғандардың 53 пайызы көлік жанармайы. Жылу қазандықтарының үлесі 37 пайыз. Қалғаны - жылу өндіретін ұсақ кәсіпорындар. Елорда әкімдігі экологияны тазарту үшін кешенді жоспар құрған. Зиянды заттарды аса көп бөлетін көмірді пайдаланбау үшін арнайы стандарттар жасалмақ. Ол сату нүктелерінде бақыланады. Ал улы зат шығаратын көліктер тексерілуі мүмкін.