Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыдағы сауда орындарының өртке қарсы дайындығы көңіл көншітпейді - ТЖД

AstanaTV
02.04.2018ж. 20:00
3321
Қарағандыдағы сауда орындарының өртке қарсы дайындығы көңіл көншітпейді - ТЖД

Сауда орындарының өртке қарсы дайындығы көңіл көншітпейді. Қарағандыдағы ірі нысандардың бірінде оқу-жаттығу жиынын өткізген облыстық төтенше жағдай қызметінің мамандары осылай деп мәлімдеді. Қаладағы ең ауқымды, әрі күрделі ғимаратта ұйымдастырылған жаттығудың барысын әріптесім Айжан Қуаш та бақылап қайтты.

Дабылды естігендер жылдам сыртқа қашуға әрекеттеніп жатты. Кейбіреулері тіпті шатырға шығып кетті. Олар кейін құтқарушылардың және арнайы техниканың көмегімен қауіпсіз жерге түсірілді. Түтінге тұншыққандар мен жапа шеккендер жоқ. Алайда, оқыс жағдайдың бәрі бірдей сәтті аяқтала бермейді. Мұны сауда орталығына келушілер айтып қалды. Мәселен, көпшілік демалатын ойын-сауық орталықтары бұл ғимараттың 4-інші қабатында орналасқан. Апат кезінде шығатын қосымша есіктер бар, бірақ олар үнемі бекітулі, - дейді тұрғындар.

«Жеткілікті емес шығатын есіктері, үлкен ғимарат қой. Тағы да қосымша үлкен есіктер болса жақсы болар еді».

«Анда-санда бір келгенде шығу қиын. Қай жерден шығарыңды білмей қаласың, іші үлкен ғой, бұның».

Бұл сауда орталығының аумағы 46 мың шаршы метр. Ғимаратта бір сәтте шамамен 3 мыңдай адам жүреді. Сауда орталығының басшылығы нысан құрылысын қайта өзгерту бойынша ешбір жоспарының жоқ екенін айтты.

Дастан Исаинов, сауда орталығы директорының орынбасары:

Ғимаратта әу баста балаларға арналған алаңқайлар жоғарғы қабатта орналасады деп жоспарланған. Бізде біреуі 4-ші, біреуі 2-ші қабатта. Әрқайсының жеке эвакуациялау есіктері бар. Оларды төменге түсіруді жоспарлаған жоқпыз. 

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің уәжі басқа. Олардың сөзінше, мұндай жаттығулар құтқарушылардың ғана емес, сауда орны қызметкерлерінің де өртке қарсы дайындығын сынауға жақсы мүмкіндік. Бүгіннің өзінде нысандағы еңбеккерлердің салғырттығы аңғарылды,-  дейді мамандар.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

Өрттен құтқарушылар келгенше нысан қызметкерлері алғашқы өрт сөндіру шараларына кірісуі тиіс. Алайда олар мұндай жағдайда не істейтінін білмейді. Бұл сауда орталығының құрылымы күрделі, сәйкесінше, өрт қаупі де жоғары. Сондықтан жаттығулардан кейін қосымша тексеріп, тиісті ұсыныстарды айтамыз. 

Айжан Қуаш, тілші:

«Аймақта үлкенді-кішілі жүз жетпістен астам сауда орталығы бар. Прокуратураның тапсырмасымен олардың барлығы 3 айдың ішінде тексеріледі. Бұрынғыдай ғимараттың ғана емес, ондағы қызметкерлердің дайындығы да бақылауға алынбақ. Құтқарушылар оларды өрт қауіпсіздігін сақтауға, арнайы мамандар келгенше алғашқы әрекетке көшуге үйретеді.

Айжан Қуаш