48 оқушы тамақтан ұшынып, ауруханаға түсті. Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектептің асханасында бір тәулік тұрған тағамдар тексерілмеген. Қазір балалардың жағдайы қалай? Әйгерім Есенкелді айтады.
Мектеп оқушылары денсаулығы күрт нашарлап, жүрек айну, дене қызуының көтерілуі және іш ауыруы сияқты белгілерге жаппай шағымдана бастаған. 48 бала қалалық балалар инфекциялық ауруханасына жеткізілді. Тағы 6 бала интернатта оқшауланды. Кейбірінің жағдайы тіпті ауыр болған көрінеді. Соған қарамастан ата-аналар мектепке ешқандай шағымымыз жоқ деп отыр.
АЙНҰР НАУРЫЗАЛИЕВА, АТА-АНА:
Алаңдаймыз әрине, қазір баламды жансақтаудан кешке уже бөлімшеге ауыстырды. Мектеп жағынан жауапкершілік бар әрине, бірақ көбіне асхананың жауапкершілігі. СЭС-тен кейін бәрі белгілі болады. Қазір ең бірінші балалардың денсаулығын реттеу.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін мектепке келдік. Білім ордасы карантинге жабылған. Оқушылар онлайн білім алуда. Қазір ата-аналар балаларының киім-кешектерін алып кетіп жатыр.
Ата-аналар жауап күтіп отырған кезде, СЭС мамандары алғашқы тексеру жұмыстарын аяқтады. Су мен тамақтан сынамалар алып, шайындыларды жинап, ас блогының қызметкерлері тексерілді. Дезинфекция да жасалды. Тексерудің ресми қорытындысы бойынша, өрескел санитариялық талап бұзушылықтары анықталған.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ:
Ас блогын тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Дәрігерлер балалардың қазір жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді.
ЕРЖАН СЕРАЛИН, “БАЛАЛАР ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫ” ШЖҚ КМК ДИРЕКТОРЫ:
Барлық балаларға қажетті медицининалық шұғыл емдер жасалып, қазіргі таңда бар балалардың жағдайлары тұрақты. Өзгерістер қазір оң жағымен келе жатыр. Керек емнің бәрі қабылданып жатыр.
Бұл жағдай бойынша полиция да қылмыстық іс қозғады. Қазір мектеп пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, кейбір тағамдарды сатуға тыйым салынды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті процестік шешім қабылдайды.