Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен дайындалған ақпараттық материалдарға арнайы белгі қою ұсынылды. Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Astana Media Week форумында бұл бастаманы қолдап, редакцияларда жасанды интеллектіні пайдаланудың ортақ қағидаларын әзірлеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, басқосуда шынайы ақпаратты ажырату, цифрлық трансформация мәселесі талқыланды.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Журналистика мен Жасанды Интеллект. Мерейлі 10-ы рет өтіп жатқан Астана Media week-тің басты тақырыбы осы. Себебі, ақпарат беру саласында соңғы жылдары фейк деген сөз жиі қолданыла бастады. Көрерменнің ақпаратты тексеру мәдениетін қалыптастыру жолында отандық және шетелдік сарапшылар пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салуда.
Жаһандану кезеңіндегі жаңалық тарату форматы көзді ашып-жұмғанша өзгерді. Бірақ, цифрлық трансформация бұл өзгерістерді үдете түспесе, тоқтатпайды. Astana Media Week халықаралық форумында бірінші болып сөз алған Мәдениет және Ақпарат бірінші вице-министрі осылай деді. Қанат Ысқақовтың айтуынша, көрермен мен оқырман назары үшін талас қыза түседі.
ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Болашақта нақты бөлініс болмайды. Телеарна, интернет және газет арасында бір ауқымды цифрлық орта болады. Яғни, телеарнаның өзінің бір стримингтік платформасы болады. Ол дегеніміз интернетте ақпарат тарату көзі болады. Керісінше, интернет-ресурстарының ақпарат кеңістігінде стриминг-visual кеңістігі қалыптасады.
Жасанды Интеллектімен күрес – ағынға қарсы жүзумен бірдей. Бірақ, дипфейктерге тосқауыл қою маңызды. Сондықтан, форумға тек медиа майталмандары ғана емес, Ай-ти сарапшылары да көптеп келді. Шетелдік сарапшылар осы бағыттағы мол тәжірибесімен бөлісті.
НЕЖАТ УНСАЛ, SMART ADVANCED TECHNOLOGIES AND INNOVATIONS КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Жасанды Интеллект бүкіл салаға, соның ішінде, журналистикаға өзгерістер әкелуде. Бірақ, журналистер өз кәсібі үшін соңына дейін күресіп, жалған ақпараттың таралуына жол бермеуі керек. Технология қаншалықты қарқынды дамыса, соншалықты жаңалық таратудағы шынайылыққа қауіп төндіреді. Ал, көрермен мен оқырманның сенімі – басты құндылық.
Қазақстан цифрлық технологияларды, әсіресе, Жасанды Интеллектіні игілікке пайдалануда өзге елдерден қалған жоқ. Керісінше, біразын басып озды. Euronews телеарнасының өкілі Надира Тюдор осындай пікірде. Сондықтан, бірінші сессия модераторы болған маман үйретуге емес, үйренуге келгенін ашық айтты.
НАДИРА ТЮДОР, EURONEWS-ТІҢ ӘЗІРБАЙЖАНДАҒЫ БЮРО ЖЕТЕКШІСІ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазақстан еліне осындай алаң ұсынып, осы маңызды мәселені көтергені үшін алғысымды білдіремін. Сіздердің мемлекеттеріңіз цифрландыру мен Жасанды Интеллект салаларында дамыған елдердің тең жартысын артта қалдырды. Бүгін өзім бұрын-соңды естімеген біраз инсайд-ақпараттарды алдым. Еуроньюстің тек Қазақстан немесе Әзербайжан емес, бүкіл Кәрі Құрлықтағы бюроларда қолданатын әдіс-тәсілдер жеткілікті деп сеніммен айта аламын.
Елімізде 10 жылда Бұқаралық Ақпарат Тарату құралдарының саны 2 жарым мыңнан 5 жарым мыңға жеткен. Бұл дегеніміз – медиа өкілдерінің арасында 3 басым бағыт – жедел әрі жан-жақты ақпарат тарату мен коммерцияландыру бойынша бәсекелестік қыза түскенін білдіреді.