$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына бөлінген қаражат бөлінді

AstanaTV
02.04.2018ж. 20:00
4201
Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына бөлінген қаражат бөлінді

Қостанайда қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары үшін 73 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы 12 мамандық бойынша тегін курстар ұйымдастыруды қолға алған. Ал Жамбыл облысында «қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бойынша  білім алған 6 мыңдай адамның тек 28 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты. Екі қолға бір күрек іздегендердің мәселесі қалай шешіліп жатыр? Бұл туралы аймақтағы тілшілеріміз айтуға әзір. Алдымен қостанайлық әріптесім Заңғар Санай сөз алады.

Кәсіби курсқа қатысушылар қаладағы 7 колледждің қабырғасында білім алып жатыр. Көбісі еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтарды меңгергісі келеді. Мәселен, аспаз, дәнекерлеуші, кондитер, сатушы, есепші және өзге де кәсіпті игеруде

Солардың бірі Данияр Таңатқанов. Ол кезінде Қостанайдағы компаниялардың бірінде заңгер болып қызмет атқарған. Жұмыс орны қысқарғандықтан, білікті маман аспаз болуға бел буғанын айтады.

Данияр Таңатқанов:

Қазір заңгерлер көп заман ғой. Ал аспаздар жетіспей жатыр. Сондықтан бұл мамандыққа сұраныс жоғары деп ойлаймын.

Қостанайда "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында былтыр жергілікті бюджеттен 70 миллион теңге бөлінді. 543 адам толық оқу- курсын тәмәмдаған. Солардың 76 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан көрінеді.

Жанат Дәуренбекова, Қостанай қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

Былтыр бұл бағдарламаға қатысуға алты жүзден астам адам қызығушылық танытты. Алайда солардың 543-і оқу курстарын аяқтады. 414 адам жұмысқа орналасты. Қалғандары жалақы көлемі аз дегенді сылтауратып, ұсынылған жұмысқа бармай қойды.

Заңғар Санай, тілші: Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары 3 айға созылады. осы уақыт аралығында оған қатысушылар 16 759 мың теңге стипендия алады. Қостанайда ақпан айынан бастап 260 адам қысқа мерзімді оқу-курстарын бастаған көрінеді. Ал, оңтүстік өңірлердегі жағдай қалай екен. Қазір Тараздағы әріптесім Данияр Әлімқұл баяндайды. Данияр, сөз өзіңде.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Иа, Заңғар! Жамбыл облысында «қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бойынша былтыр 6 мыңнан аса адам білім алған. Оның тек  28 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты.  Бұл өте төмен көрсеткіш екенін салаға жауаптылар мойындайды.

Запира Медетова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Былтыр 6429 адам қысқа мерзімдік курстарға жолданды. Оның 6 226-сы бітірді. Біраз азаматтар тастап кеткен. Оның 1788-і, яғни 28 пайызы орналасты. Аз, өйткені олардың бәріне сұраныс болған жоқ. Жұмыс орнынан, жұмыс берушілерден сұраныс болған жоқ. Олар Алматы, Астана басқа қалаларға барып жұмыс табуы мүмкін. Биыл 4 100 адамды оқытамыз деп отырмыз, олардың кемінде  44 пайызын жұмысқа орналастыруға ықпал жасалады. 

Тараздағы орта оқу орындарының бірінде «байланыс ісі» мамандығын бітірген Ләззат екі қолға бір күрек таппай біраз уақыт жүрген. Осылайша Жамбылдағы 26 мың жұмыссыздың қатарын толықтырған. Алайда, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша білім алып, бүгінде тырнақ әрлеумен табысын тауып жүр. 

Ләззат Жанжарықова:

Ол мамандық бойынша жұмыс таппағаннан кейін «Жұмыспен қамту орталығынан» 3 айлық бағдарлама бойынша сол жерде тегін оқып, степендия алдым. Ай сайын 16 мың 700 теңге. Осындай бағдарлама шыққанына алғысымды айтамын.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше,  былтыр 58 мамандық бойынша 40 оқу орнында мамандар даярланған. Биыл 47 мамандық бойынша 39 оқу орнында оқытылмақ. Айта кетейін, колледждер  бір адамды бір ай оқыту үшін мемлекеттен 30 мың теңге алып отырады. Ал, даярланған мамандар сертификатына сай жұмыс таппаса, онда  қазына қаржысының желге ұшқаны.

Данияр Әлімқұл