$450.62 €504.2 ₽5.36

Қазақстанда Smart Turmys цифрлық платформасы енгізілуде

Қазақстанда Smart Turmys цифрлық платформасы енгізілуде
ortcom.kz

32 сумен жабдықтау кәсіпорны цифрлық бақылау жүйелерін енгізуге өтінім берді, деп хабарлайды Astana TV.

Ұлттық жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық саланы цифрлық трансформациялауға бағытталған бірыңғай Smart Turmys цифрлық платформасы құрылуда. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков атап өткендей, негізгі бағыттардың бірі – цифрландыру және Су кодексінің талаптарына сәйкес деректерді қашықтан жіберетін есепке алу құралдарын енгізу арқылы есептеу аспаптарымен жаппай жарақтандыру.

«Цифрлық технологияларды қолдану желілер мен жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, су ағуын жедел анықтауға және апаттық жағдайлардың алдын алуға, суды тұтыну көлемін талдауға, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ұлттық жобаның бірінші кезеңінде есепке алу аспаптарын орнату және автоматтандыру жөніндегі іс-шараларға табиғи монополиялардың 32 субъектісі енгізілген. 25 қаланы қамтитын аталған субъектілер жалпы сомасы 54 млрд теңгеге 32 өтінім берді. Сонымен қатар тағы 62 су арнасында осы жұмыстарды жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.