$450.62 €504.2 ₽5.36

"Таза Қазақстан" road-эстафетасы Абай облысында жалғасты

"Таза Қазақстан" road-эстафетасы Абай облысында жалғасты

«Әділет» партиясының жастар қанаты «Таза Қазақстан» жол эстафетасын Абай облысында жалғастырды. Семейден Жидебайға аттанған қатысушылар тарихи орындарды таза ұстау – бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін атап өтті. Эстафета аясында белсенділер елді мекендерді қоқыстан тазартып, тарихи-мәдени мұраны қорғауға үндеді. Бастаманы Жетісу, Ұлытау және Қостанай облыстарының жастары да қолдады.

Абай облысының жастары роуд-эстафетаны таңғы жаттығудан бастады. Ізін ала Семей қаласынан Күшікбай батыр ескерткішіне дейінгі жол бойын қоқыстан тазартты. 5000 белсендінің басын қосқан экологиялық бастама Жидебай қорығына дейін жалғасты. Мұнда жастар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында қорық аумағын тазалау жұмыстарын жүргізді.

ТЕМІРЛАН БАҚТИЯРОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ  АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Абай ауданында Жидебай қорығында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қорықтың аясын вандализмнан сақтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар экоактивити болады. Осының бәрі роуд-эстафета аясында өткізілуде. Аудан халқы бұл акцияға қосыла қатысып жатқан жайы бар.

Жетісулық жастар да вандализммен күреске бірінші рет ат салысып жатқан жоқ. Бұл жолы олар тазалықты Талдықорған қаласының орталық саябағынан бастады. Мәңгілік алау айналасындағы тақтайшаларды тазалап, тарихи-мәдени мұраның маңын толық ретке келтірді. Іс-шараға 30-ға жуық жас қатысты.

ҚУАНЫШ САЙЛАУБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жастарға үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Жастарды осындай жұмыстарға ат салыстыруымыз керек. Соның арқасында бізде өскелең ұрпақ жақсы жағына қарай өсіп, вандализмге жоламай, қоршаған ортаны таза ұстауға күш-жігерін салатын болады.

Қостанайлық еріктілердің арасында оқушылар да, студенттер де бар. Мақсат – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті жастай санаға сіңіру. Олар Шағала жағалауының маңын тазартты. Еріктілердің айтуларынша, кейбір жазулар оңайлықпен кетпейді. Оларды бірнеше мәрте сүртуге тура келеді.

АРУЖАН СӘРСЕНБАЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Бұл акция тек осы аумақты ретке келтірумен шектелмейді. Біз қатарымызға тартқан әр жас азамат өз ортасында вандализммен күрес идеясын насихаттайды. Яғни, бір күндік іс-шара деп қарамаймыз.

Жезқазғандық "Жастар рухы" жастар қанатының мүшелері «Ғарышты бағындырушылар» монументінің маңын жинастырды. Жыл басынан бері «Вандализмге жол жоқ!» акциясын 8 рет рет өткізген. Тарихи нысандарды қорғау – ортақ міндетіміз деп қарайтын жастар осылайша туған жерге деген жанашырлығымызды танытамыз дейді.

СӘКЕН ҚАЙРАТОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл дегеніміз біздің өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Ең бастысы жастарымызға тәрбие беру және қоршаған ортамызға жауапкершілікпен қарау. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жол эстафетасының жалпы бағыты 1 800 шақырымды қамтиды. Алғашқы күндері Ақмола және Павлодар облыстарында жол бойын тазарту жұмыстары мен экологиялық акциялар өтті. Мұндай шаралардың мақсаты – вандализмнің алдын алу және тарихи-мәдени мұраны сақтауға назар аудару.