$450.62 €504.2 ₽5.36

Оралдық саяхатшы қажылыққа велосипедпен барып келді

15.10.2026ж. 19:00
Оралдық саяхатшы қажылыққа велосипедпен барып келді

Оралдық саяхатшы Жәрдем Атауов қажылыққа велосипедпен барып келді. 5 мың шақырымды артқа тастаған жігіт ағасы бүгін туған жеріне жетіп, туыстарымен қауышты. Жәрдем Атауов бес парызының бірі - қажылықты өтеуге маусым айында аттаныпты. Оралдан Ыстамбулға жеткесін, Меккеге бет алады. Алғашында күн сайын 150 шақырым жүрген саяхатшы кейін денсаулығына зақым келмесі үшін 50 шақырыммен шектеліпті. Екі айға созылған сапарының әр күнін әлеуметтік желіде жариялап отырды. 65 жастағы саяхатшының табандылығына тәнті болған оқырмандары одан көмегін аямапты. Тіпті грузин полициясы құжаттан кінәрат тауып, қамап тастаса да, сол елдегі қазақтар жәрдемдесіп, қол ұшын созған екен.

ЖӘРДЕМ АТАУОВ, ВЕЛОСАЯХАТШЫ:

Сапарым оңай болмады, өйткені күн ыстық кезінде шығыппын. Әрі велосипедке қарсы соққан жел де кедергі. Дүлей жел шатырымды ұшырып әкетсе, бірнеше рет жаңбырға тап болып, жаурап қалдым. Бірақ құдайдың қалауымен аман-есен барып келдім.

ҚҰСАЙЫН ҚАЖЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ол әрине оңай емес. Жол деген біздің жақтағыдай жері тегіс емес. Өте қиын ғой. Мен солай ойлаймын. Аллаға шүкіршілік енді. Ана жаққа барамын деп ниеттенген адамға Алла Тағала өзі қуат береді дейді. Сол Аллаға сыйынып ниет жасағаннан кейін аман-сау барып қайтты.