$454.14 €509.23 ₽5.41

Қара теңізде өртенген танкерден бес теңізші құтқарылды

Қара теңізде өртенген танкерден бес теңізші құтқарылды
Фото: Reuters

Қара теңізде Румыния жағалауында бортында өрт шыққан Wine Trader танкерінің бес экипаж мүшесі құтқарылып, Констанца портына жеткізілді. Қалған теңізшілерді іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Astana TV.

Румыния ІІМ Төтенше жағдайлар инспектораты баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарылған бес адамды портқа ІІМ Жалпы авиация инспекторатының Black Hawk тікұшағы жеткізген.

Теңізшілердің бірінің бас терісі күйгені, екіншісінің түтіннен жеңіл уланғаны анықталды. Қалған үшеуінде көзге көрінетін жарақаттар байқалмаған.

Сан-Марино туы астындағы танкердегі өрт Сулина қаласына жақын жерде болған. Химиялық заттар тасымалдаған кеме жағалаудан шамамен 14 теңіз милі қашықтықта болған кезде экипаж таңертең апат дабылын қаққан.

Бортта барлығы 12 теңізші болған. Бастапқыда олардың сегізі хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналды. Бес адам құтқарылғаннан кейін экипаждың қалған мүшелерін іздеу жалғасуда.

Операцияға Румынияның шекаралық полициясы, авиациялық бөлімшелері мен төтенше жағдайлар қызметі қатысуда. Құтқарушыларға қолдау көрсету үшін оқиға орнына медициналық бригадасы бар Black Hawk тікұшағы жіберілді.

Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Сондай-ақ танкерге ұшқышсыз ұшу аппараты тиген-тимегені расталмады. Бұған дейін оқиға алдындағы түнде әскери радарлар Сулина маңында және Серпилор аралы ауданында дрондарды тіркегені хабарланған еді.