Алматыда сумен жабдықтау және кәріз қызметі үшін тұрғындардың жалпы берешегі 550 млн теңгеден асты. Бұл туралы «Алматы Су» мекемесінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары шамамен 250 млн теңге, ал жеке сектор тұрғындары 300 млн теңгеден астам қарыз болған.
Коммуналдық қызмет ақысын әр айдың 25-іне дейін төлеу қажет. 26-сынан бастап төлем жасалмаған жағдайда өсімпұл есептеледі.
Берешек ұзақ уақыт өтелмесе, су беру шектелуі немесе тоқтатылуы мүмкін. Сондай-ақ қарыз сот арқылы өндіріліп, борышкер өсімпұл мен сот шығынын да өтеуге міндеттеледі. Су беруді шектеуге үш күн қалғанда тұтынушыға алдын ала ескерту жасалады.
«Алматы Су» мекемесі тұрғындарға қосымша шығынға ұшырап, берешекті мәжбүрлі түрде өндіріп алу шараларына жол бермеу үшін төлемді тексеріп, қарызды уақытылы өтеуге кеңес береді.