Астанада Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлинге қатысты Threads желісінде дау туды. Өзін оның бұрынғы жүргізушісі деп таныстырған азамат басшыны басқа адамның атына букмекерлік шот ашқызды деп айыптаған. Алайда Әлин бұл ақпаратты жоққа шығарып, ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келгенін мәлімдеді. Бұл туралы Astana TV NewTimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Барлығы 14 қазанда Threads желісіндегі жазбадан басталған. "ardakovich_altair" атты парақшаның иесі 2023 жылы Қанат Әлиннің жеке жүргізушісі болып жұмыс істегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, 2024 жылы Әлин депутаттар сайлауы алдындағы тексерістерге байланысты букмекерлік кеңседе өз атына шот ашқызуды сұраған.
Жазба авторы өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне тіркелген шот арқылы кейін қомақты ақша айналымы болғанын алға тартқан. Сондай-ақ ол бәс тігуге қатысты осы жағдайдың кесірінен қазір жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтқан.
Көп ұзамай алғашқы жазба өшірілген. Бірақ осыған ұқсас ақпарат "talgatmq" атты басқа парақшада қайта жарияланды. Әзірге бұл мәлімдемелерді кім таратқаны және олардың қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз болып отыр.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин өзіне тағылған айыптарды түгел жоққа шығарды. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде айтылған оқиғалар 2023 жылға қатысты болғанымен, ол палатадағы қызметіне тек 2024 жылы кіріскен.
"2023 жылы мен Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеген жоқпын. Бұл қызметке тек 2024 жылы келдім. Менің ешқашан жеке жүргізушім болған емес. Оның үстіне сол кезеңде палатаның штаттық кестесінде жүргізуші лауазымы да болмаған. Мен ешқашан құмар ойынға немесе букмекерлік бәс тігуге әуестенген емеспін", – деді Қанат Әлин.
Ол өзіне қатысты жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, мәселені әлеуметтік желіде талқылаудың орнына заң аясында шешуге ниетті екенін жеткізген.
Осыдан кейін Қанат Әлин Астана қаласының Полиция департаментіне арыз бергенін мәлімдеді. Сондай-ақ жағдай туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын хабардар еткен. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі жазба авторынан "Атамекеннің" орталық аппаратына да, елордалық Кәсіпкерлер палатасына да ресми шағым түспеген. Жазбаны кім жариялағаны белгісіз болғандықтан, онымен жеке кездесуге де мүмкіндік болмаған.