Декреттік төлемді кім алады және әкесі бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, оған төлем беріле ме? Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жауап берді, деп хабарлайды Astana TV.
Министр бұл төлемнің атауы мен мақсаты өзгеретінін түсіндірді. Енді ол ана болуына байланысты жәрдемақы деп аталады. Оның негізгі мақсаты – ананың босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіруіне, ана мен баланы қолдауға жағдай жасау.
Осыған байланысты ер адам бала күтімі үшін декреттік демалысқа шыға алады, алайда ана болуына байланысты төлемді алмайды. Бұл төлем тек анаға беріледі.
Министрдің айтуынша, ана жұмысқа ерте шыққан жағдайда да, бала бір жарым жасқа толғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алады.
А және В санатындағы отбасыларға қатысты төлем тәртібі осылай түсіндірілді. Ал С, D және Е санатындағы отбасылардағы аналар республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыны, сондай-ақ жұмыс істеген болса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді де ала алады, - деді Ертаев.
Бұл ретте баланың әкесі декреттік демалысқа шығып, бала күтімімен айналысуына құқылы. Алайда ана болуына байланысты төлем әкеге емес, анаға тағайындалады.