Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 16 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды, деп хабарлайды Astana TV.
Министрдің айтуынша, калькулятор бүгін кешке немесе ертең таңертең eGov және eGov Mobile арқылы қолжетімді болады. Оны пайдалану үшін аты-жөнін немесе жеке басын анықтайтын мәліметтерді енгізудің қажеті жоқ.
Асқарбек Ертаев калькулятордың жұмысын көрсету үшін өз отбасының мәліметтерін мысалға алды. Оның айлық табысы – 1,2 миллион теңге, ал жұбайы жұмыс істемейді. Төрт баласының екеуі еңбек етеді. 29 жастағы баласы айына 600 мың, 23 жастағы баласы 400 мың теңге табады. Қалған екі баласы 13 және 4 жаста.
Сондай-ақ калькуляторға Астанадағы екі пәтер енгізілді. Бірінің ауданы – 100, екіншісінікі – 60 шаршы метр. Бұдан бөлек, 2013 жылғы Toyota Camry автокөлігі көрсетілді. Ал жеке кәсіп, жер телімі мен коммерциялық көлік жоқ деп белгіленді.
Осы мәліметтерді есептеген калькулятор министрдің мысалындағы отбасын В санатына, яғни жағдайы жақсы отбасылар қатарына жатқызды.
"Калькуляторға отбасы мүшелері, мүлік пен көлік туралы мәліметтерді енгізіп, әл-ауқатыңызды бағалай аласыз. Есептеу кезінде екі бағыт ескеріледі. Бірі – отбасының материалдық жағдайы, екіншісі – әлеуметтік жағдайы. Яғни асырауындағы адамдар саны, отбасында мүгедектігі бар азаматтардың, зейнеткерлердің немесе диспансерлік есепте тұрғандардың болуы да назарға алынады. Сондықтан отбасының әл-ауқаты тек табысына қарап анықталмайды. Барлығы 59-дан астам көрсеткіш есепке алынады. Калькуляторды бүгін жариялаймыз", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев.
Министрліктің түсіндіруінше, жүйе отбасының жағдайын тек табысына қарап бағаламайды. Оның баспанасы, көлігі, кәсібі және басқа да мүлкі ескеріледі. Барлығы 59 көрсеткіш бойынша есеп жүргізіліп, отбасылар А, В, С, D және Е санаттарына бөлінеді.
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік жәрдемақының 14 түрін тағайындағанда отбасының әл-ауқат санаты ескерілмек. Ал қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен сақталады.