Астанада Таиландтан есірткі тасымалдаған және оны пошта арқылы жеткізуді ұйымдастырған Қазақстанның екі азаматы сотталды, деп хабарлайды Astana TV.
Бас прокуратураның мәліметінше, бірінші іс бойынша 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты салынған екі шабаданды жеткізген. Ол есірткіні тәттілер ретінде жасырып алып өтпек болған. Алайда заңсыз жүк бойжеткен елорда әуежайына ұшып келген сәтте анықталып, тәркіленді.
Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде есірткіні халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, Таиландтан Қазақстанға пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған.
Бұл сәлемдемелерді алуға қатысы бар үш адам бұған дейін сотталған. Есірткі жіберушіге іздеу жарияланып, ұсталғаннан кейін ол сот алдында жауап берді. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Істер бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдаған.