$452.12 €508.95 ₽5.41

Кентауда тұрғын үй өртеніп, 32 адам эвакуацияланды

17.10.2026ж. 22:18
Кентауда тұрғын үй өртеніп, 32 адам эвакуацияланды
Фото: ТЖМ

Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді, деп хабарлайды Astana TV.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тілсіз жауды жедел ауыздықтап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді.

Төтенше оқиға Кентау қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына небәрі 3 минут ішінде жетті.

Құтқарушылар келген сәтте тұрғын үйдің шатыры ашық жалынмен жанып жатқан.

Өрт сөндірушілердің кәсіби әрекетінің арқасында өрт 250 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. ТЖД күштері баспалдақ маршы арқылы 32 адамды, соның ішінде 7 баланы қауіпсіз аймаққа эвакуациялады.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазір өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.