$452.12 €508.95 ₽5.41

Құрылысшы жігіт AI-ару үшін бар мүлкін сатып жіберген

Құрылысшы жігіт AI-ару үшін бар мүлкін сатып жіберген
Фото: BILD

AI-аруға сеніп сан соққан бразилиялық азамат жоқ әйел үшін бар мүлкін сатып жіберді

49 жастағы құрылысшы әлеуметтік желідегі жасанды интеллект жасаған кейіпкерге ғашық болып, 2000 шақырым жол жүрген, деп хабарлайды Astana TV. 

Бразилияда 49 жастағы құрылысшы Эдимар Мартинс ғаламторда танысқан сүйіктісімен кездесу үшін бар жылуын сатып, екі мың шақырым жерге жол тартты. Десе де, автобуспен 36 сағат жүріп жеткенде, ғашығының мүлдем ойдан шығарылған кейіпкер екені белгілі болған.

Жессика есімді бойжеткеннің барлық фотосуреттері мен бейнежазбалары жасанды интеллект көмегімен жасалғаны анықталды.

Ер адам бұрымды блондинкамен әлеуметтік желіде танысқан. Виртуалды кейіпкер Минас-Жерайс штатындағы фермада жалғыз тұратынын айтып сендірген.

Бойжеткен құрылысшыны өз үйіне белсенді түрде шақырып, қасына келсе, «ханзададай өмір сүретінін» айтып уәде берген.

Нақты мекенжайды білмеген Мартинс Белу-Оризонти қаласына келіп, көшедегі өткен-кеткен халыққа қыздың суретін көрсетіп, іздеуге тырысқан. Ақыры ол жергілікті радиостанцияға көмек сұрап барып, сондағы журналистерден Жессиканың тек сандық елес екенін біледі.

Виртуалды парақшаның авторы құрылысшымен ешқашан жеке сөйлеспегенін, ал аккаунт тек тауарларды жарнамалау мен оқырман жинау үшін ашылғанын жеткізді.

Ер адам жарнамалық роликті көріп, оны өзіне жасалған жеке шақыру деп қате түсінген.

Rádio Itatiaia мәліметінше, бұл аймақта мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ — бұған дейін де виртуалды аруларға сеніп, Белу-Оризонтиге тағы екі ер адам іздеп келген.

Ақшасыз әрі баспанасыз қалған бразилиялыққа соңында жергілікті билік өкілдері қолұшын созды. Қала әкімдігі оған үйіне қайту үшін жол билетін алып берді.