АҚШ-та жүк көлігі балалардың футбол матчы өтіп жатқан алаңға шығып кетіп, ондағы адамдарды қағып кетті. Апат салдарынан екі адам көз жұмып, тағы 11 адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды The Associated Press дерегіне сілтеме жасаған Astana TV.
Қайғылы оқиға Канзас штатындағы Уичито қаласында болды.
Жергілікті полицияның мәліметінше, жүк көлігі балалардың матчы өтіп жатқан футбол алаңына кенеттен басып кірген.
Жол апаты салдарынан 6 жасар ұл бала мен 35 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Тағы 11 адам әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің жасы 5 пен 68 аралығында. Құқық қорғау органдары олардың жағдайы туралы әзірге ақпарат таратқан жоқ.
Уичито полициясының капитаны Аарон Мозестің айтуынша, рөлде 34 жастағы әйел болған.
Оқиғадан кейін ол дереу ұсталды. Көлік ішінде онымен бірге екі бала болғаны анықталды.
Құқық қорғау органдары бұл әдейі жасалған қасақана әрекет пе, әлде басқа себептермен болған апат па, оны әлі анықтап жатыр.
«Біз мұның қалай және неліктен болғанын әлі де анықтап жатырмыз», — деді Аарон Мозес.
Уичито полициясының бастығы Джо Салливанның айтуынша, оқиғадан кейін жақын маңда жүрген азаматтар шұғыл қызметтер келгенге дейін зардап шеккендерге өз бетінше алғашқы көмек көрсете бастаған. Салливанның сөзінше, куәгерлердің әрекеті адам өмірін сақтап қалуға бағытталды.
Полиция қазіргі уақытта тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Уичито қаласының мэрі Лили У қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты. Ол бұл оқиғаны ауыр қайғы деп атап, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқандықтан, тұрғындардан футбол алаңы орналасқан аумаққа уақытша бармауды сұрады.
Полицейлер жүк көлігінің спорт алаңына қалай кіріп кеткенін және апаттың нақты себептерін анықтауды жалғастыруда.