$452.12 €508.95 ₽5.41

Психика саулығы үшін «жалқаулықтың» пайдасы бар: мамандар кеңесі

Психика саулығы үшін «жалқаулықтың» пайдасы бар: мамандар кеңесі
Фото: ЖИ

Психотерапевт жұмыстан қысқа мерзімге үзіліс жасаудың адам денсаулығына оң әсер ететінін айтты

Күнделікті жұмыстан уақытша бас тартып, белсенді әрекетті тоқтата тұру адамның жалпы жағдайына жақсы әсер етуі мүмкін, деп жазды Известия басылымы. 

«Ми күні бойы шекті мүмкіндікте жұмыс істемеуі тиіс. Үздіксіз тапсырма орындау мен бақылаудан ертерек режимге ауысқанда, психикамыз күні бойы жиналған ақпаратты қорытып, зейінді қалпына келтіріп, стресс деңгейін төмендетуге мүмкіндік алады», — деді психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Ирина Крашкина.

Маманның айтуынша, шағын үзілістер ағзаға күш жинауға көмектеседі. Кейде адам көптен шеше алмай жүрген мәселенің жауабын дәл осындай босаңсыған сәтте табады.

Демалыс пен істі кейінге қалдырудың айырмашылығы

Крашкина толыққанды демалысты істі кейінге қалдырудан ажырата білу маңызды екенін атап өтті:

Демалыс кезінде адам үзілістен кейін жеңілдік пен қуат алғанын сезінеді.

Істі кейінге қалдыру кезінде маңызды міндеттерді түсіне тұра, оларды саналы түрде созып, ертеңгі күнге ысырады.

Мұндай үзілістердің қажеттілігі адам ағзасының физиологиялық ерекшеліктеріне де байланысты. Ересек адам жоғары зейін шоғырлануын 45 минуттан артық сақтай алмайды. Осы уақыт өткен соң мидың жұмыс тиімділігі табиғи түрде төмендей бастайды.

Перфекционизмнің зияны қандай?

Дәрігер, клиникалық психолог, нейропсихолог, медицина ғылымдарының кандидаты Екатерина Орлова перфекционизмнің жағымсыз тұстарына тоқталды. Оның түсіндіруінше, мінсіздікке ұмтылу өнімділікті арттырмайды, керісінше, жұмысты бастауға кедергі келтіруі мүмкін.

Перфекционист тапсырманы жай ғана жұмыс ретінде емес, өз құнын сынақтан өткізу деп қабылдайды. Кез келген қателік үлкен сәтсіздік болып көрінетіндіктен, адам істі бастауды кейінге ысырып немесе тығырыққа тіреліп қалуы ықтимал.