$452.12 €508.95 ₽5.41

Мылтық, тапанша мен гранаталар: Алматыда қару-жарақ жасырылған орын анықталды

Мылтық, тапанша мен гранаталар: Алматыда қару-жарақ жасырылған орын анықталды
Фото: скриншот

Қару-жарақ зерттеуге жіберілді

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Медеу аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды тапты, деп хабарлайды Astana TV қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Жасырын орын жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.

Астрахан көшесіндегі үйлердің бірінің маңында, жол бойынан ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтығы табылды. Ол кесілген мылтыққа айналдырылып, қайта жасалған. Сондай-ақ тапаншаға ұқсас зат пен әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер анықталды.

Бұдан бөлек, жарық-дыбыс гранаталарын қоса алғанда, бірнеше граната мен қауіпті болуы мүмкін өзге де заттар тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тәркіленген заттар тиісті зерттеуге жіберілді. Полиция қарудың қайдан келгенін, қалай сақталғанын және оған кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін анықтап жатыр.