$452.59 €507.67 ₽5.48

Маймыл шешегі Қазақстанға жетуі мүмкін

AstanaTV
19.10.2026ж. 19:00
Маймыл шешегі Қазақстанға жетуі мүмкін

Маймыл шешегі Қазақстанға да жетуі  мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады. Шекарадағы бақылау күшейтілді. Ауру тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайды және осы мемлекеттерден келген азаматтар қатаң тексерілуде.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Ресейде маймыл шешегін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен бес адам ауруханаға жатқызылды. Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті дерттің Қазақстанға да келу қаупі бар екенін жасырмайды. Дегенмен,  маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр. Мамандар мұны аурудың берілу ерекшеліктерімен байланыстырады.

ГҮЛНАЗ АЙТЫМБЕТ, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігін ескере отырып, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Маймыл шешегінің белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Әдетте ауру дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас пен бұлшықеттің ауыруынан басталады дейді мамандар. Сондай-ақ лимфа түйіндері ұлғайып, кейін денеде бөртпе пайда болады. Алайда кей жағдайда ауру бөртпеден басталуы да мүмкін.

АЙДАНА КЕНЖЕҒАЛИЕВА, ИНФЕКЦИОНИСТ ДӘРІГЕР:

Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз байланыс арқылы, сондай-ақ төсек-орын, сүлгі және басқа да жеке заттар арқылы берілуі мүмкін. Медициналық мамандарға басқа елден келгенін және алғашқы белгілердің пайда болғанын міндетті түрде ескерту керек. Дәрігерге барғанға дейін адам өзін оқшаулап, жеке гигиена заттарын өзгелермен пайдаланбауы тиіс.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Маймыл шешегі алғаш рет Африкада анықталып, кейін әлемнің өзге елдеріне тарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, биыл мамырда расталған жағдайлардың 76 пайызы Африкада тіркелген. Ал Гонконгта тамыздан бері 21 адам инфекция жұқтырған. Ресейде  онға жуық адам медициналық бақылауға алынған. Бұл вирустың таралу қаупі әлі де бар екенін көрсетеді. Министрлікт маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр.