Баянауылдағы Сұлужон ауылының халқы іргедегі Екібастұзға жете алмай отыр. Көктемде жолды су шайып кеткен. Содан бері бұл қалпына келтірілмепті. Ал тұрғындар қалаға 100 шақырым айналма жолмен әрең жетеді. Мәселе жыл сайын қайталанатын көрінеді, бірақ, сонда да шешімін таппай келеді дейді ауылдағы ағайын.
Сұлужон ауылы - облыс орталығынан шалғайда жатқан елді-мекендердің бірі. Ауыл халқына Павлодарға барғаннан гөрі іргедегі Екібастұз жақын. Арақашықтық бар жоғы 35 шақырым. Алайда, бұл жолды жыл сайын көктемде еріген қар суы жолды шайып кетеді.
ҚАДЕТ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жазда ой бірдеңе қылып жол ашық бірдеңе қылып жүреміз. Қыста үлкен қиыншылық болып тұр. Ауданға барып, 4-5 адам барып ахуалды айтқанбыз. Осыны үздіксіз айтып келе жатырмыз. Шешілмейді.
Жұрт қазір қалаға айналма жол арқылы қатынап жүр. Бұл үшін 100 шақырымнан аса жол жүреді. Ал жолды қысқартып, төтелеп жүрген бір көлік апатқа ұшырапты.
ҚУАН ИСАТАЙ, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Былтыр смертельный исход болды. 3 адам қайтыс болды. Өзіміз ақша қосылып істедік. Соны істеп беруін сұраймын.
Ауылда жолдан бөлек те мәселелер бар. Көше жарығы жоқ. Ал балалардың бос уақытын өткізуге арналған бірде бір спорт нысаны салынбаған. Тұрғындар шағын футбол алаңын салып беруді сұрайды.
ҚАРЛЫҒАШ БАҒЫСОВА, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Балалар ешқайда бара алмайды. Сол футболный поля сосын площадка бәрі ескі. Страшный прямо. Соның бәрін жөндеп берсін балаларға.
Жол мәселесінен аудан әкімі де хабардар. Оның айтуынша, Сұлужон мен Екібастұз ауылын жалғайтын жол негізгі қатынас жолына кірмейді. Десе де, халықтың өтініш тілегін орындау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
АРДАҚ КІСЕНТАЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Негізі бұрын карьер ашылғанда технологиялық жол деп салынған дейді. Бірақ, құжаты жоқ. Бүгінгі күні біздің Баянауыл ауданына тиесілі 5 км жол бар екен. Ол жолды бүгінгі күні заңдастыру бойынша жұмысты бастадық. Жұмыс жасап жатырмыз. Жақын арада шешіледі деп айта алмаймын ол мәселені. Негізгі тапсырма бар. Заңдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бұл жолдың қалған бөлігі Екібастұз аумағына тиесілі. Сондықтан оның мәселесін аудан мен қала бірігіп шешуі тиіс.