Бейбіт күннің батырлары марапатталды. Бүгін Ақордада сын сағатта адам өмірін арашалап, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысатын қызметкерлердің еңбегі еленді. Мемлекет басшысы құтқарушылардың кәсібилігі мен батылдығына тоқталып, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
Құтқарушылар үшін әр шақырту – үлкен жауапкершілік. Ал бұл жолы шақыртудың жөні бөлек. Еткен еңбек пен төккен тердің жемісі. Өрт, су тасқыны мен өзге де төтенше жағдай кезінде жедел жетіп, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялайды. Кей жағдайда өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді ажалдан арашалап қалады. Бүгін осындай жауапты қызметті атқарып жүрген жандардың бірқатары мемлекеттік наградаға ие болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер.
Қазір төтенше жағдайлар қызметін жаңғыртып, мамандарға қолайлы жағдай үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейінгі үш жылда 3 мыңға жуық техника сатып алынған. Олардың қатарында жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, түрлі міндетті атқаратын кемелер бар. Сонымен бірге 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Ал екі жыл бұрын құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығы азаматтық қорғау жүйесін үйлестірудің маңызды тетігіне айналды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды.
Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін салаға цифрлық технологиялар да енгізіліп жатыр. Шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл құтқарушылары» жобасы қолға алынған. Кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылып, 450-ге жуық өрт дер кезінде ауыздықталған. Президент құтқарушыларды заманауи техникамен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, кәсіби даярлығын жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ олардың қауіпсіз еңбек жағдайын жасау Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз.
Әрине, мемлекеттік награда мамандардың күнделікті еңбегіне берілген баға. Құтқарушылар адам өмірін сақтау басты жеңісіміз деп санайды. Өмір мен өлім арасындағы күресте аянып қалмағандардың бірі Нұрсұлтан Жалғасов. Сыр бойынан әскерге аттанған сарбаз, өмірін өрт сөндіру саласына арнауды таңдаған. Жұмыс өтілі 10 жылға жуықтаған маманның балалары да әке жолын қууға ниетті.
НҰРСҰЛТАН ЖАЛҒАСОВ, «ЕРЛІГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ:
Менің өрттен кейінгі киімдерімді жуып жатсам, соны киіп жүреді. Балам осы медаль алуға келе жатқанда да, менің әкем Президенттен медаль алады деп қуанып жүрген. Бүгін сол баламның орындалды.
Бүгінде құтқарушылар қызметі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі саналады. Олардың батылдығы, кәсібилігі мен адам өміріне деген жауапкершілігі мамандықтың мәнін арттырады. Мемлекеттік марапаттар осы жолда табандылық танытып жүрген азаматтарға көрсетілген лайықты құрметтің белгісі.