$450.69 €505.04 ₽5.45

Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінде бес адам уланып, екі адам көз жұмды

AstanaTV
20.10.2026ж. 19:00
Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінде бес адам уланып, екі адам көз жұмды

Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінде бес адам уланып, екі адам көз жұмды.  Ал үш адамның екеуі қазір ауруханада жатыр. Қайғылы жағдайға нақты не себеп? Өңірдегі әріптесім  Айзада Төребекқызы айтады. 

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай Күншығыс шағын ауданындағы осы үйде болған. Қазір бірінші қабаттағы пәтердің есігі мөрленіп, жабық тұр. Оқыс жағдайдан соң көпқабатты тұрғын үй толықтай табиғи газдан ажыратылған.

Бұл пәтерді екі келіншек жарты жылдан бері жалдап тұрыпты. 1999 жылғы әйелдің 3 және 4 жастағы бір ұл бір қызы болған. Ал 26 жастағы құрбысы жасөспірім қызымен бірге тұрған. Уланудан 15 жастағы қыз бен құрбысының 4 жастағы ұлы жан тапсырды.

Үйдегі бес адамның бірі 5-6 сағаттан соң есін жиып, жан-жаққа хабар беріпті. Тағы екі адам жедел жәрдем көлігімен гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілген. Олар - анасы мен 3 жасар қызы. 

МАДИНА ЕРМАХАНБЕТОВА, Т.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИЯЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Науқастардың түскен кездегі диагнозы –көміртегі тотығымен уланудың ауыр дәрежесі. Екі науқасқа да толыққанды медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің шұғыл толыққанды көмек көрсетудің арқасында 1999 жылы туған науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды.  2023 жылғы науқас диниамикалық жағдайы біршама жақсарумен, бірақ ол емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастырады.

Газ мамандарының айтуынша, пәтерде екі газ қондырғысы орнатылған. Бірақ, олар келгенде иіс болмағанын айтады.

НҰРБЕК РАХМАНОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» ШӨФ ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл -үй тек қана газ плитасына арналған үйлер. Ол жерде қосымша не орнатылған, газ колонка дейміз ғой –су жылытқышы. Ол үйлерге ол арналмаған. Тексерген кезде ол жерде көміртегі  газының концентрациясы анықталған жоқ. Енді қазіргі таңға уәкілетті органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.

Полиция бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алдын ала мәліметке сәйкес, балалардың өліміне иіс газымен улану себеп болған. Қазір  оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.